Ел экономикасында елеулі орын алатын кәсіпорындардың бірі – Ұлытау облысы мысты шаһар төріндегі Жезқазған құю-механикалық зауыты. Мұнда металлургия саласына қажетті қосалқы бөлшектер мен жабдықтар даярланады. Құю-механикалық зауытында қажыр-қайраты асқақ, темірдей төзімді еңбек адамдары жұмыс істейді. Солардың ішінде үздіктер легін бастап жүрген болат балқытушы Жұмабай Тілеубаевтың еңбегі бағалауға тұрарлық.
Ол – “Еңбек даңқы” орденінің толық кавалері, 6-дәрежелі болат балқытушы. Жоғары қысымды индукциялық пештерде болат балқытып, ондағы әрбір металдың химиялық құрамы мен температурасын дәл сақтау, құймалардың беріктігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын бақылау сынды жұмыстардың барлығы Жұмабай Тілеубаевтың жауапкершілінде және жіті назарында.Кейіпкеріміз құю-механикалық зауытында еңбек жолын 29 жасында бастапты. Содан бері 35 жылдай уақыт ішінде тәжірибесі толығып, еңбекте өзінің озат екенін дәлелдей білді. Бүгінде өз қарамағындағы жұмыскерлерге өмірде және кәсіпте білген-түйген ақыл-кеңесін үйретіп жүр. Өз ісін шын сүйіп, шынайы ынтамен атқарған жан ғана құрмет биігінен көрінеді. Өзімнен кейінгі жастарға да осыны үнемі айтып отырамын. Өндірістегі еңбегімізді бағалап, марапаттарға ұсынып жатқан басшылыққа алғысым шексіз. Мен өзімнің ел Тәуелсіздігіне кішкене де болса үлес қосып жатқанымды мақтан етемін, – деген Жұмабай Тілеубаев жастарды қиындықтан қашпай еңбек етуге, игі істерге бастамашыл болуға шақырды.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

