Ұлттың әл-ауқатын арттырып, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосу – іргелі кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігін айқындайтын басты бағыттардың бірі. Өндіріс өрісін кеңейтумен қатар, ел игілігіне бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан «Қазақмыс» Тобы «Парыз–2026» өңірлік байқауында тағы бір мәрте үздіктер қатарынан көрінді.
13 қарашада Жезқазған қаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және еңбек адамдарының өнегелі жолын ұлықтауға арналған «Парыз–2026» және «Еңбек жолы» байқауларының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Салтанатты жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпорындар мен маңдай терімен мерей тапқан азаматтардың еңбегі бағаланды. Мәртебелі марапаттың төрінен «Қазақмыс» корпорациясы да табылып, ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымының бас жүлдесін иеленді. Бұл – өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, елдің ертеңіне қызмет ететін әлеуметтік бастамаларға ден қойған компания жұмысына берілген жоғары баға.
Соңғы жылдары корпорацияның қолдауымен Ұлытау өңірінде бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – 2025 жылы Жезқазған қаласында есігін айқара ашқан «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Қала тұрғындарына салауатты өмір салтын ұстануға, жас ұрпақтың спортқа бейімделуіне мүмкіндік берген бұл нысан өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік әлеуметтік жоба деп танылған. Тұрғындар игілігіне бағытталған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Кенгір су қоймасының жағалауын жаңғырту, «Жастар» саябағын абаттандыру, Ұлытау университетінің инфрақұрылымын дамыту және «Намыс» спорт академиясын салу секілді ауқымды бастамалар өңірдің көркеюіне, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және жастардың жан-жақты дамуына жол ашпақ.Мұның барлығы – өндіріс пен қоғам арасындағы байланысты бекемдеп, туған өлкенің келешегіне қызмет етудің айқын көрінісі.
Байқауда корпорацияның өзге де кәсіпорындары бірқатар аталым бойынша марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» аталымында жеңімпаз атанса, «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Үздік ұжымдық шарт», «Kazakhmys Smelting» ЖШС «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» аталымдары бойынша алғыс хаттармен марапатталды. Ал «Адал Еңбек» ЖШС «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымдарында алғыс хатқа ие болды.
Еңбек адамының абыройын асқақтатқан «Еңбек жолы» байқауында да «Қазақмыс» ұжымының өкілдері лайықты марапаттарға қол жеткізді. Сәтбаев қаласынан шыққан Жанқоразовтар әулеті «Үздік еңбек әулеті» аталымында бірінші орынды иеленді. Үш буыннан құралған 13 әулет мүшесінің жалпы еңбек өтілі 366 жылға жетеді. Бір кәсіпке адалдық танытып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан еңбек дәстүрі – кейінгі буынға өнеге боларлық тағылымды жол.
Жас мамандар арасынан да үздіктер дараланды. «Жыланды» кенішінің «Қарашошақ» шахтасы учаске басшысының орынбасары Дәурен Тілекен «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды. Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы Өңірлік бірыңғай қойма шаруашылығы №2 базасының тиегіш машинасының жүргізушісі Серік Кеңесов «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша Ұлытау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Осылайша, өңірлік байқау өндірістегі табандылық пен әлеуметтік жауапкершіліктің, кәсіби шеберлік пен ұрпақ сабақтастығының өзара сабақтас екенін тағы бір аңғартты. Өйткені елдің еңсесін тіктейтін де, өлкенің өрісін кеңейтетін де – адал еңбек пен ортақ мүддеге жұмылған игі іс.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ

