Сәтбаев қаласында басты көше деп саналатын айналдырған 4-5 көше ғана бар. Қаланың шығыс жағында орналасқан ұзын көшенің бірі – Ерден батырдың есімін иеленген көше.
Төртінші, бесінші шағынаудан, «қазақы ауыл» аумағынан Қалмағанбетов көшесіне дейін созылған көшенің жолын тұрғындар жыл сайын асфальттап, күрделі жөндеуден өткізеді деп сеніп келеді. Бірақ, халықтың көптен күткен сенімі су сепкендей басыла қалады.
Өзім «қазақы ауылда» 20 жылдан аса уақыт тұрамын. Осы жылдар ішінде Ерден көшесін толықтай жөндегенді көзім шалмапты. Құбыр тартуға қазылған ой-шұңқыры ғана жамалып қала береді. Сондағы жамалған кейпі ескірген құрақ көрпені көз алдыңызға әкеледі. Оны сапалы жамап, тегістесе бір жөн-ау…
Жақында біз мінген такси жүргізушісі бір шұңқырға аңдаусызда көлігін ұрып алғанда: – Бұл көшемен жүргіміз келмейді. Амалсыздан клиент өтінген соң түсеміз көшеге. Байқадыңыз ба, бір көшенің бойында қаншама жамау. Сонда бұл көшенің асфальтін тақтайдай етіп қоюға болмай ма? Жамағанның өзі сапасыздығынан сыр беріп жатыр, – деп ренішін білдірді.
Жүргізуші айтқандай, көп көлік иелері Ерден көшесінің сай-шұңқырынан қашып, басқа көшемен айналып өтуге мәжбүр. Қаладағы ұзын көшенің осылай жамалып, жасқала беретіні қалай? Қала басшылығы 2025 жылдың есебінде Ерден көшесіне толық жөндеу жүргізіп, асфальтын салуды ескерді ме екен? Әлде, келер жылы да тұрғындар қырық жамау көшемен жүруге мәжбүр бола ма?!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.