Ит бейнесінде бетперде таққан, соған сәйкес киінген қарғыбаулы қаршадай қыздың қылығы қайран қалдырды: оқта-текте төрттағандап тұра қалып, әртүрлі қимыл жасады. «Кейінгі кезде осындайлар кешкілік саябаққа жиналып, ойынсауық ұйымдастыратын болып жүр» – деді қасымдағы жігіт.
Былтыр жазда көмірлі қаланың орталық саябағында өзім куә болған осы оқиға есімнен шықпай-ақ қойды. Баланың ойыны шығар деп жүрсем, бұл – елді елеңдеткен әлеуметтік астары бар бейресми қозғалыс көрінеді. Оған қатысушыны «квадробер» деп атайды екен.
Тарихын тамырлатсақ…
«Квадробика» атауы латынның «quattuor» (төрт) және ағылшынның «aerobics» (аэробика) деген сөзінен алынған. Оған әуестенуші «квадробер» атанып кеткен. Кейбір елде квадробикаға қазірдің өзінде спорттың бейресми түрінде қарайды. Бірақ, бұл қай елде, қашан пайда болғаны туралы бірегей байлам жоқ. Тек осы ғасырдың басында Жапонияда шыққаны жөніндегі болжам ғана бар.
Жапония демекші, мартышка-гусардың қозғалыс техникасына қызығып, соны қайталау арқылы жүз метр қашықтықты 15,71 секунтта төрттағандап жүгіріп өткен спортшы Кэнъити Ито 2015 жылы Гиннестің Рекордтар кітабына еніп, әлем жұртшылығын елең еткізген. Бастапқыда жаттығу қиындық келтірген көрінеді. Көшеде тоқтатқан тәртіп сақшылары талай сергелдеңге салған. Тіпті орманда жаттығып жатқанда жергілікті аңшы қабан екен деп атып та тастай жаздапты.
Мұндай әуестік анда-санда жер шарының түкпір-түкпірінен бой көрсетіп қалады. Айталық, АҚШ-та фитнестің «Animal Flow» деп аталатын бағыты бар, оған қатысушы жаттығуды төрттағандап жасайды. Қысқа қайырсақ, «ата-бабасының» табиғи қасиеті қанында бар адамның түбі аңнан шыққанына қатысты аңыз-әфсана әртүрлі мәдениет пен дінде жеткілікті. Сенбесең, Ромул мен Ремді қасқырдың қаншығы қалай емізгенін еске түсіріп көр.
Егер тарих қойнауына тереңдей түссек, адам мен аңды ұқсатуға ұмтылыс тым әріге кетеді, түрлі халықты қамтиды. Скандинавиялық викингтер (көне теңізші жауынгерлер), славяндық сиқыршылар, солтүстік халқының бақсы-балгерлері, Америка құрылығындағы үндістер салттық қызмет кезінде сандаған ғасыр жануардың терісін киген. Бұдан біздің қазақтың бақсылары да құралақан емес.
Елдің пікірі – екіұдай
Квадробер туралы елдің пікірі екіге жарылған, тіпті кереғары да кездеседі. Кейбіреулердің пайымдауынша, бұл хобби жасөспірімдердің дене дамуына және олардың көңілін зиянды әдеттен басқаға аударуға оң әсер етеді. Ал, қарсы жағы мұндай жаппай еліктеудің соңы теріс ағымға ұласып кетуінен қауіптенеді. Бәрі мүмкін, оған билік айтатын біз емес. Тек алуан пікір мен ақпараттың астарына үңілейік.
Әлеуметтік желіде Россияда кейбір адамдар квадроберлерге ақылы қызмет көрсетумен айналысатыны жөніндегі ақпарат көзіме түсті. Олар жануар кейпінде киінген қарғыбаулы жасөспірімдерді қоғамдық орындарға апаратын, үйрететін, тіпті жануарға арналған азықпен тамақтандыратын көрінеді. Әрине, мұндайға қоғамдығы көзқарастың әртүрлі болатыны өзінен-өзі түсінікті.
Ата-аналар балалардың ойыны кейде шектен шығып кететініне шағымданады. Өйткені, олар ата-анасынан немесе туған-туысынан өздерін ит пен мысыққа арналған лақап атпен шақыруды, арнаулы азықпен тамақтандыруды, ветеринарлық емханаға апарып екпе жасатуды, кейбіреуі үйде торда ұстауды талап етеді екен. Бәрі бірдей емес, әрине. Квадробикаға алданыш, әуестік ретінде қарайтындар да бар.
Ел арасындағы пікір екіұдай екенін айттық. Әркім өз пайымын алға тартады. Біреуі баланың сондай ойынға әуестігімен байланыстырады. Ойын – бала дамуының басты тұтқасы. Квадробер жан-жануарға еліктеу арқылы қимыл-қозғалыстың тың қырын іздейді. Сөйтіп, бойындағы мүмкіндікті ашуға ұмтылады. Қиялындағы қадамға шығармашылықпен қарайды, өзін елден ерекше көрсетіп, көпшіліктің назарында болуға ұмтылады.
Кейбіреу мұның астарында белгілі бір айырықша топқа деген сұраныс пен қажеттіліктің жатуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Айталық, осындай субмәдениетке бой ұрған балалар мен жасөспірімдер квадробикамен айналысу арқылы өзінің көзқарасы мен сезімін бөлісетін мүдделес, пікірлес, ниеттес табады. Ал, қолдау мен түсіністік жасөспірімнің жасы өтпелі кезеңде қаншалықты маңызды екенін ешкім жоққа шығара қоймас?!
Квадробика қашан проблемаға айналуы мүмкін? Баланың ойыны мен өмір шындығы арасындағы шекара шеңберден шыққанда! Егер бала өзін толық жануар тұрқында сезіне бастаса, шынайы өмірмен байланысын жоғалтады. Айталық, мысық немесе ит сияқты ұйықтауға дағдыланса, солар жейтін тамақты тұтынса, қалыпты тұрмысқа оралудан үзілді-кесілді бас тартса…
Баланың басқа адамға қатысты озбыр мінезі де алаңдатарлық белгі болып табылады. Егер бала біреуге шабуылдап, тістеп немесе тырнап, басқа да әумесер мінез-құлық танытса, онда адамға тән әлеуметтік өлшемнің шектен шыққаны. Бұл жерде жасөспірім жасының өтпелі кезеңін ескерген де өте маңызды. Айталық, ол 14 жастан кейін де әлгі әуесікті табанды түрде жалғастыра берсе, онда білікті психологтың көмегіне жүгінуге тура келеді. Демек, эмоционалдық жұтаңдыққа шалдыққан.
Әрине, біз қозғап отырған әңгімеден қоғам мен ата-ананың алған әсері, қалыптасқан көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Басы ашық нәрсе – баланың жалғыздықты сезінбеуі, өзін тыңдайтын «құлақ», түсінетін тұлға бар екенін түйсінуі. Сондықтан, ата-ананың қолдауы – өте маңызды. Эмоционалдық жұтаңдықтан құтылудың бір жолы – осы.
Заң не дейді?
Жалпы квадробикаға байланысты кейбір жағдай психологиялық мәселемен шектелмейді, оның құқықтық қыры да бар. Бірден айтайын, бізде ол туралы арнаулы заң жоқ. Бірақ, қолданыстағы заңнамалық актілер баласына дұрыс қарамағаны үшін ата-ананы жауапқа тартуға, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.
Алдымен алға тартатынымыз Ата Заң ғой, оның 27-бабының 2-тармақшасында балаға қамқорлық көрсету мен тәрбие беру ата-ананың табиғи құқығы мен міндеті екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Сосын «Неке (жұбайлық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі бар. Соның 70-бабына сәйкес ата-ана баланың денсаулығын ойлауға және тәрбиелеуге міндетті, оның жан-жақты дамуы үшін қажетті өмірлік жағдайды қамтамасыз етуге, орта білім алуына жауапты.
Кәмелетке жасы толмаған баласын тәрбиелеу, оқыту және асырау жөніндегі міндетін дұрыс атқармаған ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 127-бабында қарастырылған. Немесе ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабына жүгінуге болады. Онда 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе түзеу жұмысына жегу, 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа салу немесе 60 тәулікке дейін қамау арқылы жазалау көзделген.
Енді басын ашып алатын бір нәрсе бар. Айталық, баланың ит пен мысыққа еліктеуінде құқық бұзушылықтың құрамы жоқ. Ол үшін ата-ананы айыптай алмайсың. Баланың аулада мысық болып секіріп ойнағаны ешкімге қауіп төндірмейді. Егер ата-ана саналы түрде баласына ит пен мысықтың тамағын берсе, үйде арнаулы торда ұстаса, тағы басқа ақылға қонбайтын қадамға барса, онда әңгіме басқа. Заңнамадан оны бағалайтын бап табылады.
Дәулет МҰҚАЕВ,
ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты:
«Квадроберлер дегеніміз кім? Қарапайым тілде айтсам, олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды. Мәшһүрше айтқанда: «Атайын десең – аң емес, сояйын десең – мал еместің» дәл өзі».
Елбек ТАСБОЛАТҰЛЫ,
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
«Квадробика төрт аяқтап жүгіретін бейресми спорт түріне жатады екен… Исра сүресінің 70-аятында: «Расында біз адам баласын құрметті, қасиетті еттік» дейді. Яғни, жаратылыстың ішіндегі ең құрметтісі, ең абыройлысы, ол – адам баласы. Сондай-ақ, Тин сүресінде: «Біз адамзатты ең көркем келбетте жараттық» дейді. Яғни, біздің келбетіміз, екі аяқтап жүруіміз, бұл – Алланың бізге берген сыйы…
Демек, бұл аяттардан түсінетініміз, квадроберлердің жануарлар секілді төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеп, еліктеу – дініміз тыйым салған амал және Алланың адамзатты қасиетті қылып жаратқанына қайшы келеді».
Мен маман емеспін, Сондықтан, квадробиканың балаға дене тәрбиесі тұрғысындағы пайдасы мен зияны, қалыптаспаған мінез-құлқына тигізетін кері әсері туралы кесіп ештеңе айта алмаймын.
Өкінішке орай, ақпарат ағынынан небір сорақылық туралы хабарды көз шалып қалады. Бұл қоғамда өзіндік наразылық тудыруға түрткі болады. Жалпы әлеуметтік желідегі пікірден бұл қозғалысқа деген наразылықты айқын аңғару қиын емес.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.