«Қазақмыс» корпорациясы басшылығының 2024 жылғы 21 ақпандағы № 56 бұйрығына сәйкес, «Ұлы Дала» компаниясымен келісім-шартты бұзып, Жезқазған аймағында тамақтандыруды ұйымдастыру бизнес-үдерісін биылғы 1 сәуірден бастап «САС Қазақстан» компаниясына беру көзделген еді. Осы ауыс-түйіс тамақтандыру комбинаты ұжымын тығырыққа тіреп отыр.
Енді мәселенің мәнісіне тоқталайық. 2014 – 2016 ж.ж. – «Тех.эксперт», 2016 жылдың ақпан-желтоқсан аралығында – «Кеңдала Сервис», 2017 – 2019 ж.ж. – «ВСК Food», 2019 жылдан бастап «Ұлы Дала» компаниясының құрамында болған тамақтандыру комбинаты бизнес-үдеріс ауысқан кезде ұжым штаты толық сақталған еді. Аталмыш бұйрықтың 5-бабында да бұл жағы қадап көрсетілген. Аяғы ауыр немесе сәбимен еңбек демалысында отырғандарды қоса алғанда, 2024 жылғы 31 наурызға дейінгі штатты сақтау айтылған.
Бірақ, «САС Қазақстан» компаниясының басшысы С. С. Хамидидің өзіндік есебі бар екен. Ол тамақтандыру комбинатының штатындағы 352 адамның 54-ін қысқартуды ұйғарыпты. Дәлірек айтсақ, қысқартуға іліккендер – әкімшілік-басқару және орталық қойма қызметкерлері. Себебі, мұндай мамандар өздерінде де жеткілікті көрінеді.
Бұл шешім тамақтандыру комбинаты ұжымының орынды өкпе-ренішін тудырып отыр. Өйткені, олардың арасында көп балалы және жалғызбасты аналар, зейнет жасына жетіп қалғандар, осы ұжымның қаз тұрып, қалыптасып кетуіне ұзақ жыл ғұмырын арнағандар бар. Нақтылай түссек, қысқарту құрығына іліккендер қатарында: 8 әйел – декреттік демалыста, 1 әйелдің аяғы ауыр, 2 адамның зейнет демалысына шығуына 2-2.5 жыл қалған, 2 адам – зейнеткр, 2 адам – ІІІ топтағы мүгедек, 3 әйел – жалғызбасты (біреуінің баласы мүгедек), 1 әйел мүгедек бала бағып отыр, 3 көпбалалы әкенің біреуінде мүгедек бала бар, екіншісі өзі мүгедек, 2 еркек – отбасының жалғыз асыраушысы, 8 қыз-келіншек – буфетші.
«САС Қазақстан» компаниясының басшысы С.С.Хамиди ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңындағы 26-баптың да белінен бір-ақ басыпты. Жасы елуге келіп қалған, екі бала тәрбиелеп отырған жесір әйел, персоналмен жұмыс жөніндегі маман Ләззат Жансейітова 2023 жылы 2 қазанда «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының «Ұлы Дала» компаниясындағы бастауыш ұйымына төраға болып сайланған. Заңмен дәйектелген кепілдікке қарамастан ол да қысқаратындар қатарына қосылып отыр.
«Компания басшылығы адамдармен жеке-жеке сөйлесіп, ішінара жұмысқа орналастырды. Неге бұлай жасап жатқанын түсіндіргісі келмейді. Штаттың қысқаруына байланысты төлейтін өтемақысы түкке тұрмайды. Бұл біз үшін жұмысты жоғалтқанмен бірдей. Сондықтан, қысқарту дегенді қойып, комбинат ұжымын толық қабылдасын немесе жібі түзу басқа жұмысқа орналастырсын. Біздің талап осындай» дейді тамақтандыру комбинатының ұжым мүшелері.
Күйзеліске тап болған олардың осыншама торығуының төркінін түсінуге болады. Олардың басым бөлігі өз бетінше қалаған жұмысына тұра алмасы анық. Өйткені, біздің аймақта бірден-бір ірі жұмыс беруші – «Қазақмыс» корпорациясы мен оның аутсорингтік және қосалқы кәсіпорындары. Қазіргі жұмысынан айырылса, қайда барады? Қысқартудың құрығына ілініп, қаржылық қапасқа қамалған елуден астам адам үшін қоғам, Заң алдында кім жауап береді?
Тағдыр тәлкегіне түскелі тұрған адамдар араша сұрайды. Қалыптасқан жағдайға қатысты «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы Жезқазған аймақтық филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов 20 наурызда «Қазақмыс» корпорациясының ұйымдық даму және персоналды басқару жөніндегі директоры Евгений Валерьевич Козакқа хат жолдады. Жанды жадыратар жағымды жаңалық келіп қалар деген үміттеміз.
Әлібек ӘБДІРАШ.