Еліміз егемендігін алып, өз алдына жеке шаңырақ көтергенде өзін зайырлы мемлекет ретінде жариялаған болатын. Қазақстандықтар білім алуға, еңбек етуге, Конституцияға сүйеніп, құқығын қорғауға құқылы.
Діни наным-сенімге де шектеу қойылып жатқан жоқ. Алайда, заңның талабынан аттап, зайырлы мемлекеттің тәртібіне бағынбаған жағдайда заң алдында жауап беруі тиіс. Шындығын айту керек, қазір дін мен мемлекеттің саясаты араласып кеткендей көрінеді. Тіпті жат ағымның жетегіне ергендер мемлекеттің билігіне бойұсынбай, өздерінің талап-тәртіптерін жүргізгісі келетінді шығара бастады.
Ата-баба жолын ысырып тастап, өмірінде көрмеген жат елдегі шейхтардың насихатынан саналары уланып жатыр. Күні кеше ғана жат ағымның жетегінде кеткендер сан ғасырлар бойы қазақ даласын күмбірлеген күйге бөлеген құнды дүниеміз – домбыраны «харам» деп, оның құлағында ойнағандарды «оңдырмай» тастады. Сонда тарихымызда дәулескер күйші атанған Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей сынды алыптарымыз адасқанның жолында жүрді ме? Әлбетте олай емес. Олар да ислам дінін мойындады. Бірақ, ата-баба жолынан тайған жоқ.
Мұндай топтың өкілдері мектеп формасына қатысты да түрлі талаптарын қойып жүр. Адасудан зайырлы қоғамның шынайы келбетіне қара дақ түсірмек болған мұндай топтың өкілдерімен билік шұғыл түрде жүйелі жұмыс жасауы керек. Олай болмағанда қазір белең алып отырған жағдай ушығып кетпесіне кім кепіл. Жалпы, жат ағымның шылауында кеткен кейбір бауырларымыз зайырлы елдің ынтымағына кері әсерін тигізбесін. Біздің жол – ұрпағын білімге, ғылымға тәрбиелеп, елді өркениет биігіне шығару жолы. Сол жолда аяқтан шалуға, бетімізді теріс – қараңғылыққа бұруға жасалған кез-келген әрекетке тыйым салынуы тиіс. Болашағы жарқын елімізде айылыңды жый, тізгініңді тарт, жат ағым!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.