Дүниенің дүрмегінде адам баласын шыңдаған еңбек екендігі ақиқат. Еңбек арқылы қоғам дамып, адамзат өркениетке ұмтылады. Адал еңбегімен елге елеулі болып, өндірісті өркендетуге үлес қосып жүргендердің қатары аз емес. Солардың бірі – Жайлаубек Оразбаев.
Шындықтың алдаспанына айналған Шынболат ақын өмірге келген «Төртінші» елдімекенінде туып, өскен Жайлаубай Баянұлы еңбекке 10 сыныпты тәмамдаған бетте араласты. 1977 жылы Оңтүстік Жезқазған кеніші № 65 шахтаның аумағында комбинатқа қарасты электр цехқа слесарь-жөндеуші болып жұмысқа қабылданды.
17 жастағы бозбалаға мұндағы атқарылатын шаруаның жай-жапсарына аса қанық емес еді. Тәжірибелі мамандардың жол нұсқап, бағыт-бағдар беруімен қатар, өзінің еңбекке деген ынтасының арқасында ауыр маторлардың сымын жинауға төселіп алды.
Бұл цехта 1979 жылға дейін еңбек еткен Жайлаубек Оразбаев «Төртінші» мен Весовой елдімекенінің арасында орналасқан автобазада кейін Крестовский кентіндегі автобазада жүргізуші болып еңбек етті. Ол жерден 1992 жылы «Итауыз» карьерінің «БЕЛАЗ Сервиз» қызметіне ауысты. 2000 жылы тау-кен, шахта жабдықтары зауытына ауысты. 23 жыл «Қазақмыс МэйнтенансСервисиз» ЖШС Жезқазғансервис кәсіпорнында слесарь-жөндеуші болып, таяуда зейнет жасына шықты.
– «Жезқазғансервис» кәсіпорнында еңбек еткен жылдарымда сатылай өстім. Бригада басқардым. Жер асты техникаларына сервистік қызмет көрсетуде біздің бригада өз міндетіне адалдық танытты. Ұжымым еңбегімді бағалай білді, – дейді Жайлаубек Баянұлы.
Бейнетінің зейнетін көрер шаққа жеткен кейіпкеріміздің еңбектегі жолы жоғары бағаланып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ал жақында «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жайлаубек Оразбаевқа «Еңбек озаты» төсбелгісін тапсырды.
Жайлаубек Баянұлы зайыбы Зәуреш екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, немерелердің қызығын көріп отыр. Ұлы Әскербек он жылдан аса кен өндірісінде еңбек етіп келеді. Ол «Жыланды» кеніші «Сары-Оба» шахтасының №1 телімінде тау-кен шебері. Келіні Эльмира Түсіпбекова «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қарасты технологиялық колледжде өндіріс қауіпсіздігінің нұсқаушысы болып еңбек етуде. Қызы Шынар құрылыс-монтаждау басқармасында.
Жайлаубек Баянұлының еңбектегі жолы осылайша сыр шертеді. Мерейі үстем азамат абыройға кенелуін еңбекпен ұштастырады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.