Ұлттық валюта – Теңге күнімен қатар келетін қаржы саласы қызметкерлерінің төл мерекесінде «Қазақмыс» корпорациясының түрлі құрылымында еңбек етіп жүрген сала мамандарын ұлықтау дәстүрге айналған.
Қаржыгерлерге деген мұндай құрметті «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Гүлнәзия Тәжібаева жыл сайын көрсетіп келеді.
Өндірістік бірлестіктің құрамындағы экономикалық жоспарлау бөлімінің кеніштер мен фабрика және өзге де құрылымдардағы сала мамандарының басын қосқан мерекелік жиынға қаржы директоры Бауыржан Ахметов қатысып, әріптестеріне, өздерін ұлықтаған «КәсіпҚорған» кәсіподағына алғысын білдірді.
– Биылғы жыл біз үшін ерекше болып тұр. Төл теңгеміздің 30 жылдық мерейтойымен қатар төл мерекемізді де атап өтудеміз. Қаржы саласы – бұл тұтас экономиканың көрсеткіші. Өндірістің кіріс-шығысын есептеп, табысты толықтыру жолындағы қаржыгерлеріміздің еңбегі ұшан-теңіз. Сіздердің әрқайсыңыздың еңбегіңіз сол өндіріске үлес болып қосылуда. Қажыр-қайраттарыңыз мұқалмасын, есеп-қисаптан жаңылмай, жылды табысты қорытындылайық. Төл теңгеміздің тұғыры биікте болсын. Біздің төл мерекемізде мерейімізді асыратын «КәсіпҚорған» кәсіподағына ұжым атынан алғысымды білдіремін, – деді қаржы директоры.
Қаржы саласының майталмандарына деген ыстық ықыласын кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнәзия Қабыкенқызы да жеткізді.
– Кәсіподақ комитетіне төрағалық еткен он бір жылда мен қаржыгерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келемін. Осы уақыт аралығында экономикалық жоспарлау бөлімінің қызметкерлері алдына қойған мақсат-міндеттерін толықтай жүзеге асырып келеді. Сіздердің есеп-қисапқа деген жүйріктіктеріңіздің арқасында әр жылды табысты қорытындылап келесіздер. Бұл сіздердің еңбектеріңізбен келетін жетістік, – деді төраға.
Комитет төрағасы кеніштер мен фабрикадағы, өзге де құрылымдардағы экономикалық жоспарлау бөлімінің қызметкерлеріне марапаттар табыстады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.