«Ұлытау үні» фестивалі аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының ардагер әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке Көшеновтің шығармашылық кеші өтті.
1974 жылы арнайы шақыртумен Жезқазған қаласына келіп, облыстық филармония жанынан құрылған «Жезкиік» ансамбліне әнші болып орналасады. Бұл – дарынды әнші Береке Көшеновтің кәсіби өнердегі жемісті жылдарының бастауы. Өмірінің жарты ғасырын ән өнеріне арнаған сахна саңлағының 50 жыл ғұмыры биыл 70 жылдығын атап өткелі отырған Жезқазған қаласымен тығыз байланысты. Бір ұжымда осыншама уақыт тапжылмай қызмет еткен ол «Ұлытау», «Жезкиік» ән-би ансамблінің құрамында шетел шарлап, Ресей, Германия, Испания, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан сахнасында қазақ әнін шырқап, тыңдарманын тәнті етті.
Кеште, Береке Көшеновтің әні мен сөзіне жазылған әндер шырқалды. Облыс әкімдігі шапан жапты, қала әкімдігінің алғыс хаты берілді, Жаңаарқа жұртшылығы мен облыстық филармония ат мінгізді.
Өзі айтқанындай, Береке ағамызды ән өнеріне алып келген күш – біріншіден, Жаратқан бойға дарытқан дарын, екіншіден, қазақтың айтулы композиторларының ғажайып сырлы, сұлу әндері.
– Репертуарымда 200-ге тарта ән бар. Басты-басты әндерді айтып шықтым. 75 жасымды кәдімгідей, еркін, өзім өмірімнің әр белестерінен әндер салып кеш өткізсем деп армандаушы едім. Қас-қағым уақыт екен, 75 жасқа қалай келгенімді де білмей қалдым, – дейді Береке Көшенов ағынан жарылып.
Береке ағаның жетпіс бесінде сахна төрін еркін де сергек билеп ән шырқаған «Алдыңда жүрмін ән салып» атты кеші көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Шығармасын шәкірттері шырқап, кездесудің шырайын одан әрі кіргізе түсті.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.