Іргесі бекіп, экономикасы дамыған, береке-бірлігі бекемделген мемлекеттің алға қарай қарыштауы елдің өркендеуіне тікелей қатысты салаларды өрге бастырудан басталатыны түсінікті.
Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан елімізде саяси реформалардың легі жалғасын тауып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Жолдауында мемлекеттің саяи-әлеуметтік жүйесіне өзгерістер әкелетін нақты ұсыныстарды айтты.
Жаңа Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынған Мемлекет басшысы бұл өзгерістер жұртқа жақсы көріну үшін жасалмайтынын атап өтті.
– Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе, – деді Президент.
Жаңа реформалар – сөзсіз жаңа өзгерістердің бастауы. Бұл жаңа кезеңге қарай жасаған батыл қадам болмақ.
Бұл жаңа реформалар елдегі басқару жүйесіне қалай ықпал етпек. Соның маңызды дегеніне тоқталайық. Мемлекет басшысы алдымен, бұған дейін қалыптасқан «барлық іс Президенттің араласуымен шешіледі» қағиданы өзгерту қажеттегін баса айтты. Жасыратыны жоқ, қоғам демократия үдерістеріне сай, Президенттік-парламенттік басқару жүйесінің іс жүзіндегі шынайы бейнесін қалыптастыратын осындай кесімді сөзді ұзақ күтті. Бұл бетбұрыс Парламенттің рөлі күшейетінін көрсетеді.
Негізі елде жүргізілетін саяси реформаның қарапайым формуласы мынадай: Күшті Президент, ықпалды Парламент, еститін Үкімет. Ендігі мәселе – осы жүйенің жұмысын жүйелі етуде жатыр. Мемлекет басшысы «Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет», деп атап өтті. Сол үшін Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды. Бұл – өзгерістердің сөз жүзінде қалмайтындығының көрінісі.
Өңірлерде азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттардың да мәртебесін көтеру керек екендігі айқын нәрсе. Мемлекет басшысы әр деңгейдегі мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. «Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», – деді Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Осы орайда 2023 жылдың 19 наурызында өткен Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жаңа жүйеде өтті.
Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланды. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтті. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс берді. Сондай-ақ, Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді, сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі – реформаның бір қыры.
Астана қаласында 29 маусымда өткен «Amanat» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші Форумында мәслихат депутаттарына Президент Жолдауындағы айқындалған бағыттардың негізінде жүйелі жұмыстарды қалай тиімді жүргізу керектігі айтылды. Әр деңгейдегі мәслихат депутаттары билік пен бұқара арасындағы тікелей байланысшы болғандықтан халық қалаулыларына жүктеліп отырған жауапкершілік те мол.
Менің ойымша қазіргі уақытта мәслихат депутаттары белсенді әрі жүйелі түрде жұмыс жасауы қажет. Мәслихат депутаттарының беделін арттыру үшін болашақта депутаттар әкімдіктердің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатыса алады. Сонымен қатар, мәслихат депутаттары әкімдердің халықпен кездесуі барысында көтерілген проблемалардың мониторингін жүзеге асыра алады. Қажет болған жағдайда жергілікті қазынаны нақтылауға бастама жасау құқығы болмақ.
Демократиялық өзгерістердің сипатын айтсақ, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақтала бастады, сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Бұндай жаңа өзгерістер халық арасында соңғы уақыттарда көп айтылып жүрген әділетті жаңа Қазақстанның дамуы бағытындағы жаңару мен жаңғырудың жолы болмақ.
Ілгері даму мен өркендеу – мемлекет үшін басты қағида. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы негізінде жүзеге асырылып жатқан елдегі реформалар Қазақстанның жаңару бағытында маңызды рөлге ие болады деп сенемін.
Раушан ҚАПАРОВА,
Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы.