Мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» компаниясы әр өңірде орналасқан кеніштерде еңбек ететін жұмысшылардың жұмыс орнындағы әлеуметтік-тұрмыстық ахуалына көңіл бөліп келеді. Биылғы жылы компанияның демеуімен бірқатар кеніштерде тұрмыстық кешендерді жаңғырту жүзеге асты.
Атап айтқанда, «Нұрқазған» кенішінде 300 адамдық 855 шаршы метрді құрайтын блок-модульдік кешен іске қосылды. Жезқазғаннан 180 шақырымдағы «Жомарт» кенішінде 300 адамға шақталған кешен жұмысшылар игілігіне берілді. Сонымен қатар, мұнда тағы 100 орындық жатақхана, ауданы 752 шаршы метр, көлемі 51 шаршы метрге тең көкөніс сақтау қоймасы жұмысын бастады.
«Қосмұрын-Ақбастауда» ауданы 290 шаршы метр болатын 64 орындық жатақхана пайдалануға берілсе, «Шатыркөлде» 15 контейнерден тұратын 60 адамға шақталған жатақхана іске қосылды.
«Қажықонған» кен орнында контейнер типіндегі 6 модульдік блок орнатылды. Оның құрамына 24 адамдық 3 модульді тұрғын жай, 1 қызметтік модуль мен жуынатын орын және дәретхана қарастырылған.
Жуырда «Қазақмыстың» қолдауымен «Жезқазғантүстімет» ӨБ «Батыс» кенішінде 1049 шаршы метр болатын 500 адамға арналған блок-модульдегі тұрмыстық кешеннің есігі айқара ашылды. Бұл кешен № 67 шахтаның аумағында орналасқан.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.