Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36 (1789) санынан басталады).
Жалпы, мен зонада жаман тұрып жатқаным жоқ. Лагерьдің қалыпты өміріне бой үйренген. Ал ақша жағы жетерлік. Тіпті бостандықта жүрген кейбір адамдардан табыстымын. Тек бір жетіспейтіні әйел заты. Бірақ, соңғы бес жылдан бері оның да жолын таптым. Әрине ана жақтағыдай керімдер емес. Бірақ…
Жоғарыдағы терезенің желдеткішінен лақтырылған консервінің бос қалбыры кірпішке тиіп қаңғыр ете қалды. Мен де қалың ойдан селт етіп оянғандай болдым. Гадо жайлап орнынан тұрды.
– Қорықпа. Өлім ойлағандай онша қорқынышты емес, – деді ол иығымнан қағып. – Сен менен жассың. Сондықтан да, ол жөнінде әлі толық ойлаған жоқсың. Өлім – ойдың жоғалуы. Ал денең – ағаштың тұғыры… Шіріп, жер болып кетеді. Тіршілік деген сенің ой-өрісің. Егер ол жоқ болса, сен де жоқсың. Ал біз өлмейміз, маған сен. Мен білем, сені неге бірге алатыным түсініксіз саған. Екі адамға жеңілірек. Ешкімге де қағаз жазып қалдырма. Онсыз да кейін біледі.
Гадо маған тағы да барлай бір қарап алды да, өз барағына қарай бет алды.
Кешкі жұмысқа сағат сегізде шығуымыз керек. Оған дейін әлі төрт сағаттан астам уақыт бар. Біртүрлі жүрегім қағып, өз-өзіме келе алсамшы. Жайлап басып мен де өз барағыма қарай аяңдадым. Дес бергенде достарым әлі биржадан оралмапты. Өзгелері Гадо екеуіміздің оңаша кеткенімізді аңдамаса керек. Әйтпесе қазбалап қоймас еді. Өйткені, біз бір-біріміздің бойымыздағы сәл ғана өзгерісті, толқуды айтқызбай сеземіз. Лагерь өмірі бізді осыған әбден көзқанықты қылып тәрбиелеген. Егер сен таза кеще болып жаратылмасаң, мұны білесің. Әр адамның қимылы, іс-әрекеті таңның атысы, күннің батысы көз алдыңда өтеді. Ал оның бойындағы сәл өзгеріс назардан тыс қалуы мүмкін емес еді.
Өз төсегіме келіп қисайып едім, мазам болмады. Ойым сан-сақта. Енді санаулы секундтардан кейін тәуекелге бел буып, басты оққа байламақпын. Аман кетсем жақсы. Ал егер жаза бассаң, денеңді үңірейтіп оқ тесті дей бер. Жауырыныма мың сан құмырсқа жабылғандай, денем шымырлап жүре берді.
Оқ тескен денелерді өзім көрмесем де, көздерімен көрген куәгерлердің әңгімесінен талай естігенмін. Ол туралы тіпті, ойлағым да келмеді. Қанша тырысқаныммен сол бір үрейлі көрініс көз алдыма көлбеңдеп келе берді. Ойыма Гадоның ажал туралы айтқандары оралды. Бірақ мен одан үрей меңдеген ойыма медет болар ештеңе таппадым. Мүмкін мен шынында әлі шала піскен шығармын. Өмір деген сахнада ойнап жүрген әрбір өзекті жанның ең соңғы актісі – өлімге мен әлі әзір емес шығармын. Ха! Күлкілі. Бұл оның сөзі ғана. Ал шын мәнінде сол Гадоның өзі әзір ме екен соған?..
Шым-шытырық ой маза бермеген соң төсекте ұзақ жата алмадым. Кезекшілікте тұрған шнырь Витя Перцті шақырып алып чифир қайнатуды бұйырдым. Өзім тығулы жатқан «байлықтарымды» шығара бастадым. Ақша бәлендей мәз емес екен. Бірақ қазіргі тұрақ жағдайымды ескергенде аз да емес. «Амэрикан штат» қаржысына шаққанда тоғыз жүз доллардай. Арғы жаққа аман-есен өтердей болсақ, алғашқы уақытқа жететіндей. Оның екі жүзін осындағы достарыма қалдыруым керек.
Ендігі міндет осы азын-аулақты көздің қарашығындай сақтау. Ол үшін шеберханадағы таныс етікшіге барып, етігімнің ұлтанына «қақтырып» алуым керек. Ең сенімдісі сол. Әйтпесе, өлсең көмусіз қалмассың, ал кез келген уақытта тесік қалта болуың сөз емес. Сондықтан осы бастан сақтық шараларын қарастыруым керек. Ал оңайға ұсақ-түйек, яғни, бізше айтқанда «зимбер» қалдырсаң болды. Оған елу-алпыс доллар жетіп жатыр. Етігімді шешіп алмасына сенімдімін. Шмоннан да қауіп жоқ. Гадо да құр алақан емес шығар. Онда да болуы керек!.. Мұндай адам қорсыз болмайды. Оның үстіне қашуды бүгін ғана ойлап отырған жоқ қой. Ақша, әрине, онда бар және аз емес.
Манағы тұмшалаған ауыр ойлар біртіндеп сейілейін деді. Оның үстіне аздап чифир ішкен соң бойым мүлдем жеңілдеп қалды. Қаз-қатар тұрған нарлар мен тумбочкаларға бір түрлі жиіркенішті қарай отырып, мен ертең осы қапастан құтылатыныма сенгендей де болдым. О, мені ана пагондар мен май басқан тықыр желкелер қалай мезі етті десеңші…
Сағат алтыға он бес минут бар. Ауысымға дейін екі сағаттан астамдай ғана уақыт қалыпты. Мен барактан шығып, етікші шеберханасын бетке алып, ширақ жүріп келем. Қасымда жас огольц бар. Ақшаны оған беріп қойғанмын. Ондайларды көп тексере бермейді. Ал мені жолда кез-келген уақытта тоқтатып, тінтуі мүмкін. Оның үстіне менттердің ақшаға келгенде иіс сезу қабілеті иттен бетер. Көш жерден сезеді.
***
Шамамен сағат бір жарымдардың кезінде мен әуелде кездесеміз деп белгілеген бункерге таяу келіп тоқтадым. Ағаш тіліп жатқан араның дауысы түк естіртетін емес. Мен тілінген тақтайлардың тасасына келіп бой тасаладым. Айнала тастай қараңғы. Тек бункердің маңайында ғана аспалы шамның өлеусіреген жарығы бар. Сол жерге келіп бір-екі самосвал ағаш ұнтағын тиеп алды да, кейін қайтты. Одан басқа қыбырлаған тірі пенде жоқ. Сонда да болса сақтық жасап бұғып отырмын.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).