Мына суреттен байқап отырғандарыңыздай, қаладағы көпқабатты үйдегі почта жәшігінің бүгінгі жай-күйі. Редакцияға «Уақытында газет алмаймыз, жеткізу мәселесін неге қолға алмайсыздар?» деп өкпе, ренішін айтатын оқырмандардың қоңырауынан соң, біз газет тасушымен тікелей байланыс жасап, мәселенің мән-жайын анықтаймыз.
Кемі 20-25 жыл газет тасып жүрген олардың газетті апармай қалуы адами факторға байланысты болмаса, орын алуы мүмкін емес, өйткені олар – газетті уақытылы жеткізуге дағдыланғандар. «Бақсам, бақа екен» демекші, почташылардан білгенімізде, «газетіміз келмеді» деушілердің көбінің жәшігі жоқ, ал, кейбірінің халі суреттегідей болып шықты. Жеткізілген газетті салып кететін жәшік болмағасын газет тасушы ыңғайлы жерге қыстырып кетеді. Оны жолай өтіп бара жатқан сол подъездің тұрғындары іле кетпесіне кім кепіл? Почташылар апарған газетті уақытылы ала алмаудың осы бір мәселесін тұрғындар подъезге жәшік іліп, реттеуге болар еді ғой. Аңғал-саңғал, іші қоқысқа толған жәшіккке газет салу қалай болар екен деп бір мезгіл ойланып көріңізші?
Бұл мәселе не кеше, не бүгін ғана айтылып, жазылып жатқан жоқ. «Айта, айта Алтайдының» кебін киген біздер тек шығармашылық ұжым еңбекпен шығарған, оқырманымыз ақшасына жазылған газеті жоғалып кетпей, өз қолына тиюін ғана қалаймыз. Осыған көзқарақты оқырман мән береді деп сенеміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.