Қаңтардың қалың қары қараша халықты әжептеуір әбігерге салып, көлік қозғалысына да қиындық туғызуда. Жолдағы қарды уақытылы және сапалы тазалау жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты факторы.
Облыс орталығында қала көшелерін қардан тазарту және көктайғаққа жол бермеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Жұмыскерлер көшелерді, тротуарларды қардан тазартып, құм-тұз қоспасын себуде. Аталмыш іске «Адал еңбек» мердігерлік ұйымы жауапты. Жалпыға ортақ автожолдардың жай-күйі қатаң бақылауда.
– Қазіргі таңда Жезқазған бойынша 40 арнайы техника және 50 жұмыскер жұмылдырылған. Қазір көріп отырғандарыңыздай, қалада қар жауып жатыр. Күніне 30-35 камаз қар шығарылуда. Қазір біз күшейтілген вариантта жұмыс істеп жатырмыз, – дейді «Адал еңбек» ЖШС жолдарды күтіп ұстау бойынша учаске бастығы Ернар Зейнуллин.
Қыс мезгілі басталғаннан-ақ қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Ең алдымен, ережелерге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қарқынды қозғалыс аймақтары тазартылуда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.