Қоғамның айнасына айналған Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні аймағымызда айшықты шаралармен аталып өтті.
Ұлытау облысының ақпарат айдынында өзіндік орны қалыптасқан басылымдар мен телераналардың ұжымына әріптестіктегі кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың құрмет көрсету дәстүрі бар. Міне, сондай игі дәстүрдің жалғасы биыл да оңынан болды. Өндірістік басылымымыздың қарымды қаламгерлері мен газетіміздің жарқырап шығуына үлес қосып жүрген қызметкерлерімізге кәсіби мерекеде шынайы құрмет көрсетілді.
«Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов ұжымға арнайы келіп, сала ардагерлері, есімдері республикаға танымал Қазақстанның Құрметті журналистері Амандық Рахұлын, Әлібек Әбдіраш пен Төлеш Асановты марапаттап, партияның идеологиясын насихаттаудағы еңбектеріне алғысын білдірді.
Ардагер журналист, Ақпарат саласының үздігі Амандық Рахұлы Асқар Сембіғалиұлына жаңа қызметтегі жолына ақ батасынб еріп, еңбегіне табыс тіледі. Газеттің директоры әрі редакторы Төлеш Сүлейменұлы партияның алдағы стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруда «Мысты өңір» газеті ақпараттық қолдау таныта беретінін жеткізді.
Төл мерекеде «КәсіпҚорған» кәсіподағы тарапынан да газет ұжымына алғыс білдірілді. Кәсіподақтың Жезқазған филиалының ыстық ықыласын арқалай келген бас техникалық инспектор Шәкен Кененбаев пен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бейбіт Қазиев мыстыөңірліктердің кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігін көпшілікке жеткізудегі рөлінің маңызды екендігіне тоқталды. Филиал төрағасы Ақылбек Төлепбергеновтің Құрмет грамотасымен журналист, «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгісінің иегері Шахмұрат Ибадатов, директордың экономика жөніндегі орынбасары Айнұр Хамитова мен аға тілші Бағдат Қазкенов марапатталды.
Құттықтау легін «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «JastarBolashaq» Жастародағының төрағасы Луиза Мыңбаева түйіндеді. Жастар саясатының жүзеге асуында өзіндік үлес салмағы басым газеттің шығармашылық ұжымына алғысын білдірген Луиза Әбдірахманқызы кәсіби мерекеде тілші Гүлім Маратқызын ұйым атынан марапаттады.
Қалам иелері мен олардың шеберлігінен туындаған дүниені оқырманға жеткізуде еңбегі зор шығармашылық ұйымға көрсетілген сый-құрмет абыройды бір асырып тастағаны сөзсіз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.