Ұлы академик Қаныш Сәтбаевтың ізі қалған, өндірісін өркендетіп, қара және түсті металлургияның негізі болған қарашаңырақ – Қарсақбайда дүние есігін ашқан Сәуле Қалмекееваның негізгі мамандығы – медбике.
1988 жылы Жезқазған медициналық училищесін тәмамдап, облыстық көп салалы емханада еңбек жолын бастаған ол кейінгі тағдырын өндіріспен ұштастырды. Өзінің кіндік қаны тамған Қарсақбайға тұрмысқа шыққан соң, сондағы зауыттың зертхана бөлімінде зертханашы болды. Мұнда он жыл еңбек етіп, 2001 жылы Жезқазған байыту фабрикасына ауысты. № 2 бас корпусқа конвейер машинисі ретінде жұмысқа қабылданған Сәуле Темірғалиқызы мұндағы өндірістік технологияның тілін Балдырған
Әтеновадан меңгерді. Кеншілер жөнелткен кенді лента арқылы ұсақтап, майдалау үдерісі жүзеге асатын бұл жауапты міндеттен мүдірмей өтуге тырысты. Тәлімгерінің жол көрсетуімен нұсқаулықта белгіленген ережелерді бұлжытпай орындауға дағдыланды. Айналасы 3, 4 айдың көлемінде Сәуле Темірғалиқызы конвейер машинасын ұршықша иіріп алып кететін қабілетке ие болды.
– Фабиркаға келетін ірі кендерді ұсақтап, майдалау үдерісі – бұл құрылымдағы аса жауапты жұмыстың бірі. Сондықтан мұнда аса сақтық пен жауапкершілік керек. Қауіпсіздік – басты талап. Оны ескермесе, жазатайым жағдайлар орын алуы мүмкін. Технологияның неден басталып, қалай жүзеге асатынын тәлімгерім толығымен меңгертті. «Өндіріс – қателікті кешірмейді. Сондықтан сақтықты ескер», деп, тәлімгерім үнемі айтып отырды. Балдырған апайымның өндірістен жинақтаған тәжірибесі өзіме үлкен мектеп болды, – дейді Сәуле Қалмекеева.
Сәуле Темірғалиқызы 12 жыл № 2 бас копруста өндірістің қазанында қайнап, кәсіби шеберлігін шыңдады. Ол бұл ұжымда абыройға ие болды. Ұжымдастарының құрметіне кенелді. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Сәуле Қалмекеева жаңа ұжымға келді. Реагент бөліміндегі әріптестері оны жылы шыраймен қарсы алды. Олар да білгенімен бөлісіп, тәжірибелерін ортаға салудан қашпады. Қайта өздеріне жақын тартты. Әсіресе, оның осы кәсіпті игеріп кетуіне Бақыт Қорғанбекованың ықпалы мол болды.
– Жаңа ұжым, өзгеше талап, атқаратын жұмыстың ауаны да басқа болғандықтан барлығын байыппен меңгеріп келемін. Фабрикадағы цехтарға түрлі қоспаларды ерітіп берумен шұғылданатын бөлімде жиырма беске жуық адам еңбек етеді. Талғат Аққошқаров басшылық жасайтын ұйымның ауызбіршілігі, бір-біріне деген қолдауы ерекше екендігін бірден байқадым. Бригадиріміз Мұрат Шамшиддиннің іскерлігінің арқасында күндізгі ауысымдағы ұжым өздеріне берілген нормаға сай жұмыс атқарып келеді.
Бұл ұжымға қосылғанда жұмыстың қыр-сырын үйреткен Бақыт Қорғанбекова болатын. Үзеңгі қағысып, қатар еңбек етіп жүрген осы саланың майталмандары Оразкүл Күнеділова, Жанат Арыстанова, тәлімгерім Бақыт Қорғанбекова, слесарь-жөндеушілер Барлыбай Байжантаев, Еркін Махамбетов сынды озаттардың ортасында еңбекке араласып келемін. Шағын ұжымның береке-бірлігі, татулығы жарасымды, – дейді кейіпкеріміз.
Сәуле Темірғалиқызының өндірістегі жолы 1991 жылы бастау алса, соның жиырма екі жылы Жезқазған байыту фабрикасының тынысымен қатар өрілуде. Ол осы жылдар ішінде тәлімгер де атанды. Алғашқы еңбек жолын бастаған ұжымда бірнеше жастың томағасын сыпырып, қанатын қатайтты. Қазір сол ұжымда беделді конвейер машинисі атанған Жанна Нүрпейісованы мақтан тұтады. Сабырлық пен кішіпейілділікті ұстанған нәзік жан өндірісте қайсарлығымен көзге түсуде.
Өндірісте озат еңбеккер атанған Сәуле Қалмекеева екі қыздың анасы. Сымбаты ана жолын жалғап, № 2 бас корпуста флотаторшы болып еңбек етіп жүр. Бір бойынан нәзіктік де, қайсарлық та табылатын Сәуле Қалмекеева сынды аналарымыз – өндірістің ажары.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.