Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы «Қазақмыс Холдинг» ЖШС құрамындағы өндіріс нысандарында еңбек ететін еңбеккерлер арасында өткізген дәстүрлі жазғы спартакиада айасында бірнеше спорттық ойындар өтіп, үздіктер анықталды.
Өткен сенбіде футболдан үздіктерді анықтаған финалдық ойын өтті. Футбол турнирі басталған сәттен бастап жарыс жолына өңірдегі кәсіпорындардан он бес команда қосылды. Алайда, ойын төрешілерінің ұйғарымымен үздік деген үш команда ақтық сынға жолдама алған болатын. Ақтық сында «Транко Жез» ЖШС, Жезқазған жылу, электр орталығы, Жезқазған мыс қорыту зауыты мен Жезқазған байыту фабрикаларының командалары тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Делебені қоздырған турнирдің қорытындысында бірінші орынды Жезқазған мыс қорыту зауытының командасы жеңіп алса, екінші орын «Транко Жез» ЖШС командасының еншісінде кетті. Ал, үшінші орынға Жезқазған кен байыту фабрикасының командасы тұрақтады. Осылайша Жезқазған мыс қорыту зауытының футбол командасы биылғы жылдың чемпионы атанды.
Жарыс алаңында ерекше көзге түскен Жезқазған байыту фабрикасының еңбеккері Мейіржан Фермағали «Үздік қақпашы», Жезқазған жылу, электр орталығынан Иван Калинин «Үздік қорғаушы», «Транко Жез» ЖШС-нен Данияр Иманжанов «Үздік шабуылшы», Жезқазған мыс қорыту зауытынан Сәкен Қален «Үздік ойыншы» атанды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.