Қойнауына табиғаттың бар қазынасын бүккен жеріміздің кен көздерін игеріп, оны ел ырысына айналдыруда кенші мен байытушының еңбегі зор. Мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» компаниясының кеніштері мен байыту фабрикаларында тер төгіп жүрген сала майталмандарының кәсібіне деген адалдықтары табыстың тайқазанын тасытуда.
Қарағанды өңіріндегі «Қазақмыстың» ірі кен өндіру жұмыстарын жүзеге асыратын «Нұрқазған» кеніші жылына 4 миллион тонна кен өндіріп, алдыңғы шептен көрінуде. Тіпті мұнда жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындап, көшбастап келе жатқан бригадалар да баршылық. Нұржан Аяшев, Нұрбол Сембиннің бригадасы қауіпсіз кен өндірудің арқасында табысқа жол ашып отыр.
Бүгінгі таңда кеніш ұжымының 80 пайызын әлеуеті зор жастар құрайды. Кен өндіру саласына бет алған әрбір маманның ең бірінші ұстанатыны – қауіпсіз еңбек ету. 2006 жылы қатарға қосылған кеніште 40 жылға межеленген кен қоры бар.
Кеніштегі кен өндіру, үңгілеу телімдерінің айлық, жылдық жоспарлары кестеге сай жүргізіліп келеді.
Жас та болса телімнің тізгінін ұстап, жұмысты ұйымдастыру қабілетімен көзге түсіп жүрген Мейрамхан Мұхамеджанов №1 кен өндіру теліміне биылғы жылдың наурызынан бастап басшылық жасап келеді.
Білікті мамандардан құралған телімнің тыныс-тіршілігімен танысуға барғанымызда телім басшысы қол жеткізген табыстарды ағынан жарыла баяндады.
– «Нұрқазған» әлеуеті зор кеніш. Сондықтан оның болашағына сенім артқан білікті мамандар осында топтасуда. Құрамында 0,90 пайыз мыс кені кездесетін кенді өндіру жұмысына телімде 40 адам жұмылдырылған. Бұрғылаушылар мен кен тасымалдаушылар, теникалық-инженерлік қызметкерлердің арқасында телім тәулікте 13-14 мың тонна кен өндіріп, шығарады.
Телімге бекітіліп берген тәуліктік, айлық жоспарды орындауда мүдіріп көрген жеріміз жоқ. Қауіпсіздік біздің басты ұстанымымыз болғандықтан, ауысым алдында қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау талаптарына сай нұсқаулар беріледі.
Өнім көлемінің жоспарға сай болуына күш-жігерлерін салып келе жатқан кен өндірісінің майталмандарының еңбегі ұшан-теңіз. Үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегерлері Мейрамхан Хамзин, Жанат Сағатов сынды озаттар ұжымымыздың мақтанышы. Абзал Байбүсенов, Диханбай Майбеков, Мадияр Тілегенов, Жандос Сембеков, Асқар Түменбаев, Ерден Нұржанов, Жасұлан Кәдікеш межелі міндетті орындауда кәсібиліктерін көрсетуде.
Жеті қат жер астындағы байлықты игеру жолында жұмылған телімнің сайдың тасындай іріктелген жігіттерінің еңбекқорлығы мен табысқа жету жолындағы табандылығы ұжымды алға қарай жетелеп келеді, – дейді телім басшысы Мейрамхан Мұхамеджанов.
Мейрамхан Мұхамеджанов
Кейіпкеріміз кен өндіру саласына 2008 жылы келген. Аталмыш телімде бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек жолын бастаған Мейрамхан еңбекке деген құлшынысының арқасында бұрғылаушыдан шебер, телім басшысының орынбасары қызметіне дейін өсті. Жұмыс жасай жүріп, Қарағанды политехникалық институтын тау-кен саласы бойынша оқып алды. Мейрамхан Мұхамеджанов талапшылдығы мен ізденісінің арқасында ұжымға табысты басшылық жасап келеді.
«Нұрқазғанның» қатарға қосылғанына 17 жыл болса да қарқынды еңбектің арқасында табысқа жеткен озаттардың даңқын шығарған кеніш. Озат кенші ретінде есімі жиі аталатындардың қатарында аталмыш телімнің бұрғылаушысы Абзал Байбүсенов бар. Солтүстік Қазақстан облысының тумасының өндіріспен өмірін байланыстырғанына да 24 жыл болып қалыпты. Алғашқы еңбек жолын Солтүстік Жезқазған кенішінде бастаған Абзал Хабибуллаұлы 1999 жылдан 2001 жылға дейін осы кеніште техникаларды есепке алу жөніндегі инженер қызметін атқарды. 2001–2004 жылдара арылығында Өскемендегі Артемеев кенішінде төбе бекітуші болды. Одан кейін «Абыз» кенішіне ауысып, онда 2007 жылға дейін БелАЗ техникасында электр слесарь болып еңбек етті. Сол жылдары Абзал жаңадан бой көтеріп жатқан «Нұрқазған» кенішіне ауысуды ойға алып, ақыры осында келді. Қарапайым еңбек жолынан өтіп, бұрғылаушы кәсібін меңгерді.
– Шахтаға түсіп жүргенде көзбен көргенім болмаса, бұрғылау техникасының тізгінін ұстаған емеспін. Алғашында қобалжу болды. Кен қатпарларын бұрғылап, керекті өнім көлемін алып шығуға жанымды шүберекке түйіп, тас түйін дайындықпен келетінмін. Техниканың тілін, бұрғылау жұмыстарының қыр-сырын Қалдыбек Жетімековтен меңгердім. Тәлімгерім жұмысқа кіріспес бұрын бұрғылайтын аумақта сақтық шараларының қаншалықты жүзеге асқанына мән беруді үйретті. Қазір «Солло» техникасымен 280 қума метрге дейін бұрғылаймын. Айлық жоспарды еңсеру жолында аға буыннан жинақтаған тәжірибемді бағыттап келемін, – дейді Абзал Байбүсенов.
Абзал Байбүсенов
Абзал да шыңдалу жолынан өтті. Кәсіптің қыр-сырын ағаларынан үйренді. Берілген тапсырманы орындауда тосылып көрген жоқ. Соның арқасы болар ол еңбек жолында құрметке де кенелді. Өзінен кейінгі жастар оны үлгі тұтып, тәлімгер атанды. Абзал Хабибуллаұлының мектебінен өткен жігіттердің алды бүгінде телім басшысы, шебер сынды лауазымдарды атқарып жүр. Кейіпкеріміз Ернар Қойшыбаев, Бейбіт Әбілдинов, Аман Құлмұрзаев сынды талапкерлерімен мақтанады.
Абзал Теміртау қаласына іргелес Баймырза ауылында ата кәсіпті жандандырып отыр. Төрт түліктің бабын тауып, шаруашылығын шалқытқан Абзалдың еңбекқорлығы көпке үлгі. Демалыстарында сол шаруашылықтың бабын жасап, басы-қасынан табылады.
«Нұрқазғанға» барған сапарымызда «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов майталман маман кәсіби мереке қарсаңында үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталатынын жеткізді. Бұл марапат Абзал Байбүйсеновтің салаға сіңірген еңбегінің шынайы бағасы деп білуге болады.
Кен өндіру телімінің озат бұрғылаушысы әрі бригада жетекшісі Мадияр Тілегенов Сәтбаев қаласының тумасы. Білімнің қарашаңырағы аталып кеткен № 27 мектепті тәмамдап, Жезқазған қаласындағы гумманитарлық колледжден электрмен жабдықтау мамандығын алып шықты. 2007 жылы Солтүстік Жезқазған кенішінен басталған еңбек жолында Мадияр Сералыұлы алғашында эксковатор машинисінің көмекшісі болды. Тәжірибе жинақтай келе эксковаторды өзі тізгендейтін дәрежеге жетті. Кейін ресейлік фирма келген соң сонда ауысып, біраз жыл бұрғылаушының көмекшісі, кейін бұрғылаушы болды. Төрт жылдай Балқаш қаласындағы «Қоңырат» карьерінде бұрғылау жұмыстарымен айналысты. Ал, «Нұрқазғанға» 2014 жылы келді. №1 телімінде 2018 жылы бір бригада құрылу қажеттілігі туындады. Сол кезден бастап оның тізгінін Мадияр Тілегенов ұстады.
Мадияр Тілегенов (сол жақта)
– Өнім көлемінің ұлғаюына байланысты телімде бригада саны арттыру туралы шешім қабылданды. Бригадаға жетекшілік жасау міндетін жігіттер маған сеніп тапсырды. Бұрғылау жұмыстарын қауіпсіз атқаруға тырысып келеміз. Асқар Түменбаев, Марғұлан Сыздықов, Аслан Ыдырысов, Бахтияр Батырбаев сынды жігіттердің арқасында бригадамыз көшбасынан көрініп келеді. Менің кенші мамандығын таңдауыма әкем Сералы Сейтбатталұлының ықпалы болды. Ол кісі 30 жылдан аса Ғ. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде үңгілеуші болып еңбек етті. Ағам Бауыржан да кенші. Ол қазір ҚосмұрынАқбастау кен орнында. Кеншілер әулетінің өкілі деген атақты лайықты алып жүруге тырысамын, – дейді Мадияр Тілегенов.
Кен өндіріп, табысқа жол ашқан №1 кен өндіру телімінің жетістіктері осылай көрініс табуда. Қарапайым кеншінің еңбегінің арқасында кеніштің тасы өрге домалап тұр. Ал, бұған № 1 кен өндіру телімінің ұжымы да үлес қосуда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.