Адамның өмір жолында түрлі шешімдер қабылданып, мамандыққа деген ынта да өзгереді. Көңіл қалаған мамандықтың көзін тауып, еңбек еткен адамға бақыт та абырой да келеді. Адам үшін осы екі құндылық маңызды болса, соған ие болған жанның бірі – Сәлима Жұманова.
Ұлытау ауданы Түйемойнақ ауылында дүниеге келіп, сонда бойжеткен Сәлима Әлмаханқызы – еңбекпен шыңдалған жан. Әкелері Әлмахан ақсақал ұзақ жыл совхозда еңбек етіп, мал шаруашылығымен айналысты. Алты ұлдың ішінде тұлымы желкілдеп бойжеткен Сәлима да шаруашылыққа қолғабыс етті. Осылайша ол еңбекпен шыңдалды. Сондықтан болар ол ауыр жұмыстан қашпады. Алғашқы мамандығы есепші болғанымен, ол кейін кезіндегі Жезқазған облысының «Жезқазған туы» газетіне корректор болып жұмысқа орналасты. Шығармашылық ортада бірнеше жыл еңбек етіп, кейін өндіріске бет алды. Осыдан тура отыз екі жыл бұрын ол алғаш рет Жезқазған кен байыту фабрикасының табалдырығын имене аттады. Өңі тұрмақ, түсінде көрмеген ұнтақтау корпусындағы конвейер машиналарын игеру қалай болады екен деген қорқыныш сезімі де болды алғашында. Бірақ, батыл шешіммен осы мамандықты қолға алған Сәлима Жұманова көп уақыт өтпей, ол технологияның да тілін тапты.
Конвейер машинисінің жұмысы оңай еместігін түсінген Сәлима Әлмханқызы бірден өндірістік қауіпсіздікті ескеру қажеттігін қаперінде ұстады. Конвейер – бұл кен ұнтақтаудағы негізгі технологиялық үдерісті жүзеге асыратын тетік. Сондықтан оның жұмысында кедергі болмауы керек. Осыны бағамдай білген Сәлима Жұманова оның шаруасынан шашау шығарған жоқ. Цехтағы үш бірдей конвейер машинасының үздіксіз үдерісте болуына жауапты маманның кәсібилігіне басшылық тәнті болды.
– Менің еңбек жолымда жарқын із қалдырған бір ұжым болды. Ол – «Жезқазған туы» газеті. Аймаққа ғана емес, елге танымал қаламы қарамды, сөзі өткір де қуатты журналистердің ортасында алты жыл еңбек еттім. Ұзақбай Төлеуов, Сабыр Сауытбаев, Балтабек Әбеуов сынды аға буынмен әріптес болғанымды мақтан тұтамын. Облыстық басылымнан 1986 жылы бала күтіміне байланысты демалысқа кеттім. Арада бес жыл өткен соң фабрикаға жұмысқа орналастым. Мұнда алғаш келгенде мені осы мамандыққа баулыған тәлімгерім әрі бригадиріміз болған Қайрат Көлбаев еді.
Ұжымымыз бірлікті ту еткен. Цех басшысы, шебер, бригадир барлығы жұмыла жұмыстың бабын оңынан келтіруге атсалысады. Цех басшысы Сұлтан Мұфтахединов, ауысым шебері Максим Нигамядзянов, бригадир Ардақ Рамазанов – білімдері мен тәжірибелерін өз салаларына бағыттай білген азаматтар. Олар нағыз кәсіби мамандар. Ұйымшыл ұжымнан демалысқа кеткенде сағынып та қаламын. Енді бір жарым жылда – зейнет жасы. Зейнетке шыққанда отыз екі жыл еңбек еткен ұжымымды қимастық сезімім болады. Үнемі жұмыс істеп қалған адамға қалай болар екен деп те ойлаймын. Бірге еңбек етіп жүрген конвейер машинистері Жанар Тәжімбетова, Айгүл Көлбаева, Сәуле Зейнелова, Гүлзира Қожахметова – мамандықтарының майталмандары, – дейді Сәлима Әлмаханқызы.
Жайдары жүзді Сәлима Жұманова ұжымында майталман маман болса, отбасында асыл жар, ардақты ана, сүйікті әже. Жаңаарқалық Қали Байжанов есімді азаматпен бас құрады. Ол ұзақ жыл Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнында көлік жүргізушісі болды. Екеуі Жасұлан, Жаңагүл есімді ұл, қыз тәрбиеледі. Жасұлан анасының жолын жалғап, Жезқазған кен байыту фабрикасына келді. Алты жылдан асты диірмен машинисі. Жаңагүл – салық комитетінің қызметкері. Бес баланың ардақты анасы.
«Қайран біздің аналар, арды ойлаған» демекші, Сәлима Әлмаханқызы өндіріске арнаған отыз екі жылдан аса ғұмырында адалдықты ту етті. Еңбек ете жүріп, бір отбасының шаңырағының шырайын келтірді. Қай шаруаны болсын дөңгелетіп алып кететін қазақ әйеліне тән қасиеттен Сәлима Жұманова да бақытын тапты. Келер жылы алғашқы кен байыту үдерісі бастау алғанына жетпіс жыл толатын Жезқазған кен байыту фабрикасының дамуына Сәлима Әлмаханқызы еңбегін сіңірді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.