«AMANAT» партиясының жергілікті филиалы ғимаратында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков ардагерлер, қоғам белсенділері өкілдерімен және оқушы жастармен кездесу өткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу тақырыбында әңгіме өрбіген кездесуді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық Мәслихат депутаты Ерболат Сатыбалдин жүргізіп отырды.
Мемлекет басшысы алға қойып отырған Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңару бағытында сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, оның алдын алу айтарлықтай маңызды іс болып табылады. Еліміздегі өршіп тұрған жемқорлықтың деңгейін азайтудың бағыты саналуан. Осыған орай,халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Парасатты қоғам қалыптастыру міндеті алға қойылып отыр. Жоғары оқу орындары мен мектептерде парасаттылық сабақтары өткізілуде. Өйткені, азаматтардың жаңа буыны өсіп-жетілуі үшін мектептен бастап сыбайлас жемқорлыққа төзбеу дағдысын қалыптастырудың маңызы зор.
Президентіміз биылғы қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында да бюджет қаржысын және жалпы ұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолын ұйымдастырушылардың түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салуды тапсырды. Департамент тарапынан жемқорлыққа тәуекелділік картасының негізгі бағыттары айқындалып, соған жол бермеу шаралары қарастырылуда. Жемқорлық көбінесе тұрғын үй қатынастары, жолдар мен инфрақұрылым салалары бойынша жиі орын алады. Жалпы, жемқорлықтың мемлекеттің орнықты дамуына, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін дерт екені белгілі. Сондықтан да, онымен жүйелі күрес пен қоғамда белең алуына төзбеушілік әрбір адамның қасиетті парызына айналса деген ой түйілді. Кездесуге қатысқан белсенділер департамент басшысының орынбасарына өз сауалдарын қойып, оған орнықты жауабын алды.
Амандық РАХҰЛЫ.