Ұстаз құзар биіктен аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз деген жер әлемнің бесігін көркейткен, болашақ жастарға білімнің нұрын сепкен, шуақ төккен күн-сәулесі тәрізді. Біліммен баулып, биікке ұшыратын – ол ұстаз. Мамандық көп. Мамандықтың көп болуы маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз.
Сол ұстаздың бірі және бірегейі, менің аяулы да қамқоршы әпкем – Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Есенбекқызы Тапанова. Бүгінгі күні ол кісінің ұстаздық жолындағы жарты ғасырлық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұлағатты ұстазға тән марапаттардың сан түрлі иесі. Атап айтқанда, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Шығармашылық Бірлестігінің «Шолохов», «Байқоңыров» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті профессоры. Сонымен қатар мамандығына байланысты бірнеше еңбектердің авторы. Әрі сол оқулықтарын еліміздегі бірнеше жоғары оқу орындарының студенттері пайдалануда. Жалпы, біздің отбасында әке жолын қуған төрт қыз да ұстаздық мамандығын таңдаған. Бірақ, әке жолынан үлгі алып, білімнің заңғар биігіне көтеріліп, ғылым жолына түскен тек Сәуле әпкеміз болды.
Бала кезден бастап мен Сәуле әпкеме тәнті болып өстім. Әпкемнің білім жолындағы ізденімпаздығы маған үлгі болды. Менің жоғары оқу орнына түсіп, мамандық таңдауыма да үлкен көмегі болды. Сонымен қатар, өзі еңбек еткен Ө. Ә. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне қызметке орналасуыма да Сәуле апайымның зор үлесі бар. Біздің аймақтан әйелдер арасынан шыққан алғашқы ғылым докторы атанды. Әрі туған жеріміздің, әулетіміздің мақтанышына айналды. «Алғашқы қазақ романдарындағы әйелдер образы», «Қазақ романдарындағы ғашықтық сарын» атты еңбектері – жалпы қазақ қыздарына үлгі боларлықтай еңбектер. Сонау ауыз әдебиетінен бастау алып, роман-эпопеяға ұласқан шығармалардағы қазақ әйелдеріне тән мінез-құлық, тәлім-тәрбиенің бүгінгі жастарға беретін тәрбиелік мәні өте зор екеніне талас жоқ. Әйелдер бейнесінің қазақ романдарындағы жасалу эволюциясын жеке мәселе етіп қарастыру барысында оның көркемдік, тақырыптық аясына баса назар аударып, сондай-ақ, тарихи және әлеуметтік-психологиялық туындылардағы әйелдер бейнесінің жасалу ерекшеліктері мен әйелдер бейнесін жасаудағы автордың ұстанымы, көркемдік-эстетикалық сипаттары, қоғам, орта ахуалымен байланыстырыла талданып, ғылыми ізденістер жасауда көп еңбек етті. Еңбегі жанды. Мақсатына еңбегінің арқасында жетті. Бүгін сол еңбектің қызығын көріп отыр деп айтуға толық болады. Апайымыз тек туғанға ғана емес, барлық туысқандар мен жерлестеріміздің оқимын деп талпынғандардың барлығына да қол ұшын берді, көмек көрсетті. Екі бөлмелі үйде бірнеше студенттердің жатқанына өзім куәмін. Жездеміздің бауырларымен бір үйдің балаларындай тату болдық. Рекең жездеміз туған ағамыздай өте жайлы болды. Кезінде сол үйде жатқан талай студент бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде жақсы қызметтер атқарып жүр. Рекең мен апайымды алғаш рет «ата-әже» деп атаған да біздің үлкен ұлымыз Темірлан болатын. Сол Темірланды қолынан жетектеп мектепке апарған атасы Рамазан болса, мектеп бітіру кешіне әже болып барған да апайым, жанашырым Сәуле болатын. Бауырға жасалған қамқорлық деген де осы болар.
Бұл күнде әпкеміз Сәуле Есембекқызы өз әріптестерінің арасында үлгі-өнеге болып қоймай, біздерге және бізден тараған кейінгі ұрпақтарға үлгі тұтар әжесіне айналды.
Құрметті бауыр, қамқоршы әпке, сәулелі ғұмырыңыз ұзағынан болсын!
Сөз соныңда айтарым, қарымды қаламыңыз мұқалмай, денсаулығыңыздың арқасында бауырлар арасында күн сәулесіндей шуақ шашып, жарқырай беріңіз. Жанашыр, қамқоршы бауырым Сәуле Есембекқызы, 70 жасыңыз құтты болсын! Немере, шөберелердің қызығын көре беріңіз!
Қымбат Есембекқызы.