Ендігі жерде көлігіңе жанармай құятын болсаң, операторға жүргізуші куәлігін көрсетуің керек. Онсыз бензинді не дизель отынын қымбатқа аласыз. Өйткені, Энергетика министрі шетелдіктер үшін жанармай бағасын көтеру туралы бұйрыққа қол қойды.
Министрліктің мұндай қадамға баруына еліміздегі жанар-жағармай бағасының өзге елдерге қарағанда көп төмен болуы итермелеп отыр. Бұл елде маусымдық кезеңдерде жанармай тапшылығының орын алуына да себеп болуда. Осының алдын алу үшін Энергетика министрлігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы шекті бағасын өзгерту туралы бұйрыққа қол қойды. Бұл баға тек шетел азаматтары үшін көтеріледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Министр қол қойған құжат 6 мамырда НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінің ресми сайтында жарияланды.
Сонымен, жанар-жағармай құю станцияларында мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге қандай шекті бағалар белгіленді. Енді сол жайлы жіктеп айтып көрейік.
Бұйрық бойынша Аи-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге; Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин – 1 литр үшін 245 теңге болып белгіленді. Алайда, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде жеңіл көліктер үшін тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде бензиннің литрін – 205 теңгеден, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және мотоциклдерге, жеңіл, жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен жағдайда тәулігіне 300 литрге дейінгі бензиннің литрін – 205 теңгеден ала аласыз.
Сол сияқты, дизель отынының (жазғы, маусымаралық) – 1 литрі 315 теңге болды. Сәйкесінше, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі дизель отынын – 295 теңгеге, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейінгі дизель отынын 295 теңгеге ала аласыз. Орайы келгенде айта кетейік, құжат алғаш ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енетінін ескертілген.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.