Аймағымыздың ежелгі кәсібіне айналған кен өндіру, өңдеу, металлургия сынды салаларын түпкілікті дамыту, өндірістік қуатқа шығару үшін атбасын тіреген ағылшындар 1907 жылдан 1917 жылға дейін кен және көмір өндіру, металлургия және байыту және басқа да нысандарды жобалау мен салу жұмыстарын бастады.
Ағылшындар жүктерді тиеу базасы үшін Қарсақбайдан 375 шақырым жерде орналасқан Жосалы станциясын таңдады. Осылайша, Байқоңыр мен Қарсақбай даласында алғаш рет тар табанды теміржол пайда болды.
Болашақ Қарсақбай мыс балқыту зауытының алаңына тар табанды теміржолдың бірінші және соңғы құрамы 1917 жылдың 17 қазанында келді. Жосалы станциясынан Қарсақбай кентіне дейінгі жол 2 жыл 4 айда еңсерілді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ағылшындар Карсақбайдан кетуге мәжбүр болды.
1925 жылы 10 мамырда Қарсақбайдағы шаруашылықты аяқтау және пайдалануға беру үшін «Атбасартүстімет» тресі ұйымдастырылды. 1925 жылдан 1928 жылдың 1 қазанына дейін Қарсақбай комбинатын салу бойынша «Атбасартүстімет» тресі аймақтағы кеніштерді ұйымдастыру оларды электрлендіру, кен және көмір тасымалдау үшін теміржол қатынасын қолға алуды көздеді.
Осылайша 1928 жылдың бірінші тамызына қарай Қарсақбай мыс зауытының тар табанды теміржолының 130 шақырымдық барлық учаскесі пайдалануға берілді. Осы сәттен бастап Жезқазған мыс кендері мен Байқоңыр көмірін теміржолмен тасымалдау басталды. Дәл осы күнді Қарсақбай комбинатының тар табанды кірме жолдарының туған күні деп санауға болады. Осылайша Қарсақбай-Жезқазған жерінде жаңа жұмысшы табы дүниеге келді. Олар теміржолшылар болатын. Теміржолшылар Кеңес елінің жұмысшы табының ең белсенді құрамдас бөліктерінің біріне айналды.
1928 жылы 19 қазанда Кеңес елі Қазақстанның түсті металлургиясының тұңғышы – Қарсақбай мыс балқыту зауытында Жезқазған кендерінен алғашқы мыс алды. Новорудная станциясына теміржол құрылысының басталуымен Қарсақбай мыс балқыту зауытының ауыстырып тиеу базасының құрылысы басталды. База қазіргі жұмыс істеп тұрған Весовая станциясының ауданында салынды. Базада мыс зауытына кең калибрлі вагондармен келетін жүктерді түсіруге арналған 12 тар калибрлі теміржол тұйықтары болды.
Осылайша, Одақтың жалпы теміржол желісіне шығатын теміржол байланысын дамытудың бірінші кезеңі аяқталды. Новорудная станциясының құрылысы аяқталған кезде сол кездегі стандарттар бойынша Жезқазған кен басқармасының Карпинский Раймунд, Анненский карьерлеріне, №31, Петро, Покро, №3, №44 шахталарына кірме жолдарының құрылысы кеңінен дамыды. Новорудная станциясы тұрақты пайдалануға берілгенге дейін Жезқазған кен басқармасы мен теміржолшылары Жезқазған мыс және қорғасын кендерін майданның қажеттіліктері үшін Орал кәсіпорындарына жөнелтуді және тасымалдауды бастады.
Үлкен Жезқазған Одақ көлемінде теміржолға қол жеткізді. 1937 жылы кең табанды темір жолдың келуімен, 1940 жылы Жезқазған–Новорудная темір жолының құрылысымен Кеңқырлы және Жезқазған кен басқармасының алаңында кең табанды кірме темір жолдардың сызбасы қалыптаса бастады.
Осы кезден бастап Жезқазған өңірінің аумағында орналасқан және оған іргелес жатқан кәсіпорындар мен ұйымдар үшін де, барлық халық-шаруашылық жүктері үшін де тасымалдауды жүзеге асыратын бірыңғай көлік жүйесі үшін өнеркәсіп ауданының теміржол жолдарын жобалау және салу басталады. Жезқазғанда жол шаруашылығы 5 теміржол станциясында орналасқан 92 шақырым жолды пайдаланатын теміржол цехының құрамында шоғырланған Новорудная-Комбинатская, байыту, базалық және өнеркәсіптік, шахталардың алаңындағы 4 станцияда орналасқан 43 шақырым кірме жолдарды пайдаланды. Ол станциялар – Весовая, Шахтная, Комсомольская және Никольская деп аталды.
КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Жезқазған станциясынан Новорудная станциясына дейінгі теміржол 1949 жылы Түсті металлургия министрлігінің қарамағына берілді және осы негізде Комбинатская станциясы жобаланды. Комбинатская станциясына Жезқазған ЖЭО, Құю-механикалық зауыты және № 1 байыту фабрикасына қызмет көрсетуі тиіс Промышленная станциясының аралығы жалғасты.
Қарағанды бағытынан тәулігіне 500 вагонға дейін келетін халық тұтынатын жүктер мен құрылыс жүктерінің ағыны күшейе түсті. 1959 жылы наурызда қалалық алаңның теміржол цехы мен Жезқазған кен басқармасының теміржол цехы базасында бірыңғай теміржол цехы құрылды. Цехты 1971 жылға дейін Г.Ивачев басқарды. Теміржолдардың жалпы ұзындығы сол кезде 127 км құрады.
1960 жылы шахталар мен карьерлерді жылына 30000000 тоннаға дейін тасымалдау көлемімен іске қосуды ескере отырып, кірме жолдарын қайта жаңарту басталды. Барлық буындардың үйлесімді жұмысының арқасында қайта құру және жаңа теміржол құрылысы 1968 жылы толық көлемде аяқталды, мақсатты теміржол тасымалы көлемі жыл сайын 5-8%-ға өсті.
Шахталар мен карьерлерден байыту станциясына дейінгі негізгі кен тасымалдау бағытын электрлендіру аяқталады. Негізгі станцияларда бағыттаулар мен дабыл жүйелерін электрлік орталықтандыру енгізіледі. 1976 жылға қарай локомотив тартқышы тепловоз және электровозға толық ауыстырылады. 1980 жылға қарай бірлестіктің кірме теміржол жолдарының жағдайы тұрақтандырылып, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Жезді және Ұлытау аудандарының халық-шаруашылық жүктерін технологиялық тасымалдаудың вагон ағыны түбегейлі шешілді. 1970 жылға қарай теміржол кірме жолдарының жалпы ұзындығы 436 шақырымды құрады, жолға 583 бағыттамалық бұрма салынды.
Кірме жолдарды дамыту жолдың жоғарғы құрылымын төсеуді ғана емес, сонымен қатар теміржолдарды электрлендіру құрылысын, дабыл беру, орталықтандыру және бұғаттау және байланыс құралдарын салуды, негізгі кен тасымалдау аралықтарында автоматты және жартылай автоматты бұғаттауды салуды көздеді.
Қаншама қиындықтар мен кезеңдерден өткен бұл саланың тағдыры Жезқазғанда осылайша қалыптасты. Тар табанды жолдан басталған теміржолдың даму кезеңі осылайша сыр шертеді.
95 жылдық тарихы бар теміржол саласының бүгінгі заңды мұрагері ретінде танылған «Транко Жез» ЖШС өңірде «Қазақмыс» корпорацисяның кенін тасымалдаумен шұғылданады.
Кәсіпорынның құрамында 4 ірі бөлім бар. Қозғалыс қызметі, жылжымалы құрамды пайдалану қызметі, жол қызметі, жылжымалы құрам сервисі қызметі бөлімдері ауыр жүк тасымалын ұйымдастыруды шеберлікпен жүзеге асырып отыр.
Мың бес жүзге таяу еңбеккерді бір арнаға тоғыстырған теміржол саласына Рахым Хамитов басшылық етуде. Рахым Сейтмағзамұлы еңбек жолын 1994 жылы Балқаш өңіріндегі Қоңырат кен орнында бастаған. Әуеліде электровоз машинисінің көмекшісі, кейіннен электровоз машинисі болып тізгін ұстады. 2010 жылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясының теміржол кешенінің басшылық құрамында қызмет етіп келеді. 2019 жылдан бері – «Транко Жез» ЖШС бас директоры.
Жүк тасымалын ұйымдастыруда басшылық іскерлігі мен салада жинақтаған тәжірибесінің арқасында қазіргі таңда Рахым Хамитов кәсіпорынның тасымалдаудағы жұмысының нәтижелі болуына үлесін қосып отыр.
Өңірге теміржол саласының келуіне 95 жыл толуымен қатар, теміржол тарландарының кәсіби мерекесі дөп түсіп тұр. Осы атаулы екі мерекеге «Транко Жез» ЖШС ұжымы толайым табыспен жетіп отыр.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.