Қарағанды өндірістік аймағында ірі кен байыту кешені саналатын «Нұрқазған» байыту фабрикасында ұнтақтау цехтарынан бөлек бірнеше бөлімдердің жұмысы жолға қойылған. Солардың бірі – шаң-тозаң және газ ұстау, жылумен жабдықтау бөлімі.
Аталмыш бөлімшеде жүйелерді жөндеу жөніндегі білікті мамандар топтасқан. Міне, сондай өндіріс озатының қатарында Қайрат Маемгенов есімді азамат та бар. Қайрат Есқазыұлы Өзбекстан Республикасының Наваий облысы Тамды ауданының тумасы. 2005 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Қарағанды облысының Теміртау қаласына қоныстанған. 2011 жылы «Нұрқазған» фабрикасына жүмысқа қабылданды. Осы жылдар ішінде Қайрат Маемгенов өзін білікті маман ретінде көрсетті. Еңбектегі жеке табысы үшін басшылық оны бригадирлыққа тағайындады.
– Слесарьлардың бригадасы цехтардағы жабдықтарды, жылу желілерін бақылап, істен шыққан жағдайда шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Фабриканың сапалы өнім өндіруі жолында біздің бригада ұйымшылдықты ту етіп келеді, – дейді Қайрат Есқазыұлы.
Қайрат Маемгенов кен байыту саласына қосқан үлесі үшін он екі жыл ішінде бірнеше мәрте корпорация басшылығының, «КәсіпҚорған» кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Кейіпкеріміз осы уақыт аралығында онға таяу жас маманды тәрбиелеп, соларға тәлімгер болды.Ол биылғы мерекеде корпорация басшылығы және «КәсіпҚорған» кәсіподағының шешімімен үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттал-
ды. Бұл марапатты Қайрат Маемгенов ұжымның ортақ жетістігі деп санайды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.