Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында дамытуды қажет ететін салаларды саралай келіп, жұмысшы қауымына көңіл бөлгені кәсібімен нәсібін тауып жүрген азаматтардың мәртебесін көтеріп тастады.
Президент Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс.
Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деді.
Маңдай тер, адал еңбекпен озаттар көшінен табылып, құрметке кенелген жандар «Қазақмыс» корпорациясының түрлі құрылымында өз саласының дамуына үлес қосып келеді. Біздің Жезқазған өңірін әлемге танытқан сары мыс болса, соның бастауында тұрған металлургтердің еңбегі айрықша.
Осыдан жарты ғасыр бұрын Жезқазған мыс қорыту зауытынан қара мыс алған «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, КСРО Құрметті металлургі, бірнеше буынның тәлімгері болған Сұлтан Елемесовтің ұрпағы да осы кәсіпті лайықты жалғастырып келеді. Ата жолын үлгі еткен Жандос Елемесовтің түсті металлургияға келгеніне 6 жылға таяды. Металлургтер әулетінің өкілі Жандос Дүйсенәліұлы бүгінде кәсібінде шыңдалған маман. Зауыттағы мыс балқыту цехында тер төгіп жүрген Жандос Елемесов ата жолын жалғастыра отырып, Құрметті металлург атағына лайықты азамат болсам дейді.
– Біздің әулет ата жолын жалғастырған бірнеше буынды металлургтерміз. 1500 градуста жалын жұтып, мыс алудың қандай қиын екенін түсінген адамға бұл саладағы атақ, даңқ оңайлықпен келмейтінін де жақсы бағамдай алады деп ойлаймын. Сұлтан атамыздың салып кеткен сара жолын балалары, немерелері жалғастыруда. Бүгінгі металлургияның өркендеуіне, атамыздың жолының жалғасуына біз де үлес қосудамыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандығына көңіл бөлуде. Бұл қуантарлық жайт. Өндірісте қызу еңбек ортасынан табылып жүрген мамандық иелеріне көп көңіл бөлінсе, олардың құлшынысы да арта түседі. Менің ендігі алға қойған мақсатым – атамыз Сұлтан Елемесов сынды Қазақстанның Құрметті металлургі атану. Әрине, ол үшін аянбай еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосуым керек, – деді Жандос Дүйсенәліұлы.
Қоғам мен адамзаттың дамуында еңбек басты фактор болса, заман талабына сай еңбек ете отырып, өркендеуге ұмтылған елдің еңбеккерлерінің де мерейі үстем болмақ. Мың жылдан аса тарихы бар металлургияның ХХІ ғасырда дамуына үлес қосып жүрген Жандос Елемесов сынды азаматтар бұл саланы да көкке көтере берері даусыз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.