Өз дәуірінде қазақтың білім, ғылымға ұмтылып, ана тілінің мәртебесін асқақтатуды көздеген ағартушы ғалым, тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген екен. Көрнекті Алаш арысының бұлай деуінде үлкен мән бар. Газет арқылы қоғамның айнасына үңілеміз, түрлі оқиғаларға құлақ түреміз, тіл арқылы жеткен өмір сүріп жатқан қоғамның ащы да тұщы тұстарын ой елегінен өткіземіз.
Әр кезеңнің өз бедерін айшықтайтын басылымдар бар. Олар елдік мүддені жоғары қою арқылы өз оқырманының жүрегінен орын таба білуі керек. Біздің аймақта өндірістің өрісін кеңінен насихаттаудан бөлек, алуан тақырыптарда қалам тербей отырып, қалың оқырманның көңілінен шығып отырған басылымның бірі – «Мысты өңір». «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік саласында қызметте болған жылдардан бері қарай бұл басылымды үзбей оқимын.
Тарлан тарихты, сол тарихты қалыптастырған тұлғаларды, өндірісте тер төккен ардагер ағаларды, бүгінгі қоғамның негізгі тірегі еңбек адамын насихаттаумен ғана шектелмей, әр саладағы түйткілді мәселелердің ұшын шығарып жүрген басылымның бүгінгі шығармашылық әлеуеті берік қалыптаса түсті.
Қазір «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің Жезқазған аймағы бойынша филиалы жетекшісімін. Осы қызметке сайланғаннан бері газетпен қарым-қатынас одан әрі беки түсті. Ардагерлер кеңесінің жетістіктерін, ұйымдастырған мәдени-спорттық шараларын көпшілікке насихаттаудағы «Мысты өңір» газетінің рөлі айрықша.
Көзі қырағы оқырманы бар бұл басылым менің де асыға күтетін газетіме айналды. 35 жасқа жеткен газеттің ғұмырлы болуына тілекшімін!
Алтын Шәйменова,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің
Жезқазған аймағы бойынша филиал жетекшісі.