Құрметті жас дос, сен Астана күнінің неге 6 шілдеде тойланатынын білесің бе? Бұл күні қалаға астана мәртебесін беруге қатысты алғашқы құжат қабылданды. Яғни, 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» қаулы қабылдады.
Ал, 1997 жылы орталық мемлекеттік мекемелер Ақмолаға ресми көшірілгеннен кейін Елордаға қатысты тағы бір маңызды шешім қабылданды. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға «Астана» деген жаңа атау берілді. Қазақстан Республикасының жаңа астанасы ретінде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Одан кейін 10 жыл бойы қала күні жергілікті халық арасында 10 маусымда аталып келді. Ал, 2008 жылы мерекелер туралы заңға қосымшалар енгізіліп, соған сәйкес Астана күні мемлекеттік мереке болып бекітілді. Осылайша, Қазақ елі Астана күнін 6 шілдеде атап өтеді.