Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеу туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсыныс білдірген еді. Кейін бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болды. Ал, 2016 жылдың 14 қаңтарында арнайы Жарлықпен 1 наурыз, яғни көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту күні» болып белгіленді.
«Алғыс алған – арымас» деген аталы сөз бар халқымызда. Расында да, алғыс айту да, алғыс алу да – үлкен мәнге ие. Алмағайып заманда жатты жатсынбай, құшағын айқара ашқан дархан пейілді қазақ – алғыс арқалаған халық. Кешегі Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Міне, осы алмағайып тұста қазақ халқының кең құшағын, дархан көңілін көріп өскен өзге ұлт өкілдері мемлекет құраушы ұлттың ұлылығын түсініп, алғыс сезімдерін жеткізіп жатты. Араға бірнеше ондаған жылдар салып келген «Алғыс айту» күнінің басты мақсаты мен мәнінің өзі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр. Яғни, бұл күн – қазір кең үрдіс ала бастағандай – жеке адамдардың алғыс айтуы емес, тұтастай халықтың бір-біріне деген шынайы пейілін білдіруге мүмкіндік беретін ерекше күн.
Өкінішке орай, осынау ел өміріндегі маңызды күннің мәнін терең түсінбей, «ата-ана, бауырларыма, туыс-тұстастарыма алғыс айтамын» деп тізбектеп жатамыз. Әрине, асылында жақсылық жасаған адамға алғыс айту әр саналы азаматтың парызы. Оны осы атаулы күн аясына теліп, сол күні ғана рахмет-ризашылықты білдіру керек деген де қате түсінік болар еді. Алғыс айтқың келген адамға тәуліктің кез-келген сағат-секунды қолайлы емес пе? Әсіресе, ата-анаңа, бауырыңа, жақыныңа алғысыңды кез келген уақытыңда айт. Күнде айт, сағат сайын айт. Ол артықтық етпейді.
Ендеше… Қазақ халқына Алғыс айту күні құтты болсын!
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.