Елімізде 2013 жылдан бері қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні ретінде аталып өту дәстүрге айналған. Қоғам дамуында түрлі салада тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегіне құрмет ретінде бекітілген атаулы күн қарсаңында Қарағанды құю-машина жасау зауытындағы Купман еңбек әулеті жайында бір үзік сыр шерткенді жөн көрдік.
Қарағанды өңіріндегі ірі әрі тарихы шежіреге толы зауытта Купмандар әулетінен үш адам еңбек етуде. Павел Купман және оның Максим және Илья деген ұлы осы зауыттың мақтаныштары. Павел Александрович бұл кәсіпорынға 2006 жылы орналасқан. Оған дейін басқа кәсіпорында слесарь болыпты. Алайда, ол жердің еңбек жағдайы көңілінен шықпаған соң, осында келіп қолынан келген шаруалармен шұғылданғанын айтады.
– Көңілім қалаған мамандық бойынша тұрақты табыс табуды көздеп жүрдім. Көп ұзамай осы зауытқа жұмысқа орналастым. Мұнда еңбек жағдайы толық жасалған. Тұрақты айлығы да бар. Бұл арада бастысы әркім өз мамандығы бойынша жұмысымен ғана айналысады, – деді әулеттің үлкені.
Павел Купман өз кәсібіне екі ұлын да баулыды. Максим мен Илья да осында слесарь-жөндеуші.
Максим мен Илья зауытта жұмысшы үшін барлық жағдайдың жасалатынына қуанышты. Олар зауыт көлемінде өтетін мәдени-спорттық шаралардан қалмай, үнемі белсенділікпен қатысады. Максим мен Илья түнгі хоккей лигасында ойын көрсетеді. Ал, әкелері Павел Александрович жұмыстан бос уақытта табиғатқа шығып, балық аулағанды ұнатады. Купмандардың еңбектегі дәстүрді жалғастыру қағидатын ұжымдастары әрқашан мақтанышпен айтып отырады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.