Мысты өлке Жезқазған қаласында бастау алған «Cuprum run» марафоны Балқаш қаласында жалғасты. 500 адам қатысқан шарада 5 – 10 шақырым межені бағындыру көзделді. Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтар 1 шақырымды еңсерді.
Марафонды ұйымдастырушы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: – Бұл марафон салауатты өмір салтына арналған. Жезқазған, Балқаш өңірінде екінші мәрте өтіп отыр. Биыл марафонға қатысушылардың саны ұлғайды. Бұл қос қала тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етуге деген ынтаның қалыптасып келе жатқандығын байқатады. Біз бұл марафонды дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұрамыз, – деді.
Бұл марафонға Олимпиада ойындарының чемпионы, боксшы Василий Жиров қатысты. Ол бұл игі дәстүр туралы пікірін жеткізді:
– Қала халқының спортқа деген деңгейінің көтерілгенін көріп қуандым. Жарысқа қатысушылардың саны көп болғанынан-ақ бұл марафонның маңыздылығын түсінуге болады. Осы бастаманы қолға алған ұйымдастырушылардың идеясы керемет. Мен үшін әрбір азаматтың спортпен шұғылданғаны ұнайды. Спорт адамдарды бірлікке ұйыстырады. Осы жарысқа қатысып, тамашалағаным үшін ерекше сезімдемін, – деді атақты спортшы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.