Тау-кен ісін дамытуда аймақта ғана емес, республикаға, сол кездегі Одаққа аты мәлім болған Социалистік Еңбек Ері Ғазиз Омаровтың есімімен аталатын шахтапроходкалау тресі мыс алыбы «Қазақмыс» компаниясының әр өңірдегі кеніштерінде үңгілеумен бірге құрылыс жұмыстарын қатар жүзеге асырады. Оның аймақтық ауқымы да кең.
Кен инженері, білікті басшы Қайрат Керімқұлов басшылық жасайтын трестің енді бір қанат жайған жері – Қарағанды өндірістік аймағы. Мұндағы «Нұрқазған» кенішінде трестің № 27 күрделі тау-кен телімі кен өндіруде және құрылыс салып, үңгілеу жұмыстарын атқаруда алдыңғы шепте келеді.
Биылғы жылы «Нұрқазған» кенішіне «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығының инвестиция тартуы арқасында конвейерлік желі ұзартылып, іргелес қоныс тепкен фабрикаға сол желі арқылы артық шығынсыз кен жіберудің мүмкіндігі туды. 700 метр тереңдіктен 0 деңгей жиектен – 60 деңгей жиекке дейін кен көтеру желісінің іске қосылуына Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресіне қарасты № 27 күрделі тау-кен телімінің де қосқан үлесі зор.
Бастапқы кезеңнен 4670 метрге созылған конвейер желісінің аяқталуына Қайыржан Елеусізов басшылық жасайтын телімінің жігіттері тайлы-тұяғы қалмай атсалысты. Шілде айында толық кен жөнелту үдерісі осы жаңаланған желі арқылы жүзеге асып жатыр. Жақында кеншілердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Нұрқазған» кенішінде болып, тәулігіне 12 мың тонна кен жөнелтуге қауқарлы конвейерлік желінің іске қосылғанына куә болып қайттық.
Трестегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Болат Бодықов, № 27 күрделі тау-кен телімі басшысының орынбасары Асқар Ахметов және «Нұрқазған» кенішіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазиновпен бірге шахтаның – 60 деңгей жиегіне түстік. Желіде сәт сайын фабрикаға жіберілетін кендер жүріп жатты. Трестің екі еңбеккерін осы желі басынан ұшырастырдық. Дәнекерлеуші Әсет Қамзин мен Ерден Түмен конвейер желісінің маңайын бетондау жұмыстарын атқарып жатыр екен.
Бетоншылар Әсет Қамзин мен Ерден Түмен.
Әсет Қамзиннің негізгі мамандығы дәнекерлеуші болса, Ерден Түмен – бетоншы. Олардың айтуынша, жаңа желінің құрылысы қарқынды күшпен жүзеге асқан.
– Конвейер желісін салуға біздің телімнің жігіттері түгелдей атсалысты. Жезқазғаннан іссапармен келіп, қолғабыс еткендер де болды. Өз мерзімінде аяқтап, тапсырдық. Бұл біздің трестің, треске қарасты телімнің абыройы деп санаймын. Трест директоры Қайрат Ұзақұлы мен Қарағанды шахтапроходкалау басқармасының басшысы Бейсенбек Бұлақбаевтың қолдауымен өзімізге міндеттелген шаруаны атқарып шықтық, – деді Әсет Қамзин.
Әсет Рамазанұлының кен өндіру саласына келгеніне көп бола қоймапты. Жиырма жыл Қарағанды өңіріндегі ірі болат құю және тау-кен жабдықтарының «ИспатКармет» компаниясында еңбек еткен. Бұл телімге келгеніне екі жарым жыл болыпты. Жетіқат жер астындағы құрылыс жұмыстарын жүргізуде де біраз шаруаға қанығып қалғанын айтады.
Трестегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Болат Бодықов пен телім басшысының орынбасары Асқар Ахметов.
Бізге жолбасшы болып, атқарылған жұмыстардың барысын көрсеткен Асқар Ахмет – кеншілер әулетінің өкілі. Әкесі Базартайұлы жиырма алты жыл шыңырауда кен қазған кенші. Сәтбаев қаласының тумасы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен, технологиялық колледжін тәмамдаған бетте осы телімге бетоншы болып жұмысқа қабылданған. Еңбекқорлығымен көзге түскен оны сол кездегі телім басшысы болған Жеңіс Бимендин жауапты қызметтерде шыңдады. Асқар Базартайұлы бетоншыдан бетон телімінің мастері, үңгілеу бөлімінде мастер болды. Кезең-кезеңмен сатылай қызметте өскен ол бүгінде телім басшысының орынбасары.
– Треске қарасты телімнің шахта астындағы үңгілеу жұмыстарынан бөлек, құрылысты да атқаруға қабілеті зор. Мені ең алғаш осында келгенде шахта құрылысын жүргізуге машықтандырған Жеңіс Өзбекұлы Бимендин болатын. Осы екі жылдың мұғдарында трест шахтаның су төкпе бөлімін, конвейерлік желісін салуға үлес қосты.
Кеніштің кен өндіру көлемінің ұлғайып, тереңдей бастауына байланысты биыл конвейерлік желі ұзартылды. Оның құрылысына «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан Үңгітбаев баса мән берді. Кеніш, трест басшылығының қолдауы нәтижесінде ауқымды жобаны іске қостық. Бұл ортақ шаруаға трест тарапынан 34 адам қамтылды, – дейді Асқар Базартайұлы.
Кен көкжиегі көз жеткізбес тереңдікке ұзарып барады. Ал, оны шашып-төкпей алудың тиімді жолын тапқан нұрқазғандықтардың ісін қолдаған Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің ұжымы бұл шаруаны да мерзімінде аяқтауға күш салды.
«Шын шеберді сынақта таны» демекші, трестің № 27 күрделі тау-кен телімінің кәсіби тұрғыдағы шеберлері қандай құрылыс болса да еңсеріп шығатындықтарын іспен дәлелдеді. Кеніштің кен жөнелтудегі көкжиегін ашқан трест құрылысшыларының еңбегін Мұқан Жалғасұлы Үңгітбаев та ерекше бағалайды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.