Жезқазған мыс балқыту зауытының қарапайым қызметкері, әнді бала күнінен сүйіп орындайтын каламыздың өнерлі азаматы Мадияр Байқоңыров Өзбекстаннан олжалы оралды.
Мадияр Ташкент қаласында өткен музыкалық телевизиялық X-Factor байқауының жоба продюсерлері мен режиссерларының шешімі бойынша «Алтын статуэтканы» қанжығасына байлады.
– Мен үшін маған берілген әндерді орындау еш қиындыққа түскен жоқ. Жоба болған соң, кез-келген уақытта шарттары өзгеріп кетуі мүмкін. Бірақ, осынша үмітті өзіме арқалап келген соң, мен барлығына дайын болдым, – дейді әнші.
Мадияр Байқоңыров жоба ұйымдастырушылары қосымша ұсыныс тастағанын да жеткізді. Бірақ, ол нақты қандай ұсыныс екенін құпия түрде сақтайтынын айтты. Алдағы жоспары бойынша әндер жазып радиоарналарға тартатынын айтып, қысқа қайырды.
Сөз соңында Мадияр өзінің өнерін бағалаған, қолдау білдірген өзінің жұмыс орны – «Қазақмыс» компаниясының барлық басшылықтарына шексіз алғысын білдірді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.