Ауыр өндіріс жағдайында еңбек ететін «Қазақмыс» корпорациясы жұмысшыларының әлеуметтік, құқықтық тұрғыдағы мәселелерін шешуде оң имидж қалыптастырған тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағында жұмыс орындарын тексеру жолға қойылған.
Кәсіподақ комитеттерінің төрағаларынан бөлек, ұйым төрағасының орынбасарлары өндіріс орындарында болып, ондағы еңбек жағдайымен танысып, жұмысшыларды толғандырған мәселелерді жан-жақты саралап, тиісті шешім шығаруға пейілді. Осы тұрғыдан алғанда «КәсіпҚорған» кәсіподағы төрағасының орынбасары Абзал Жаңабергенов пен жұмыстарды үйлестіру бөлімінің басшысы Еркебұлан Балмұқан апта басында Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты № 45 шахтада болып, ондағы жағдаймен танысты.
Ұйымның қос өкілі жеті қат жер астына түсіп, ондағы өндірістік үдерістердің талапқа сай жүзеге асырылып жатқанына куә болды. Ауысымдағы Алмахов, Базарбаев, Даудабаевтың бригадасындағы жігіттермен тілдескен олар тамақ қабылдау бекетінің де жай-күйін көрді.
Жалпы алғанда, жұмыс орындарына ұйым тарапынан тексеріс жүргізу еңбек жағдайын, жұмысшылардың дұрыс тамақтанып, қауіпсіз еңбек етуіне ықпал етеді. Еңбек мүддесі үшін жасалатын шаралар легі «КәсіпҚорған» кәсіподағы тарапынан жалғасын таба бермек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.