Қоянның биылғы қысы шаруа адамдарына жайсыз тиді. Қаңтар айынан бастап аязы мен боранының арасында сілбіреп жауған жаңбырдан соң дала төсі көкмұзға айналып, қыстан жайылыммен шығатын малды қыспаққа ала бастады. Ақырында тебіндеп жайыла алмай қалған жылқы түлігі жүдеп, ақпан айында шығынға ұшырады. Әлі келгендер ғана жылқыларын қолға алып, жемшөбі тапшы жандар еш қайран жасай алмай отыр.
Осыдан оншақты күн бұрын Жаңаарқа ауданында даладағы жылқы малдарының шығыны орын алуда деген хабарды естідік. Қатып қалған қалың қарда тебіндей алмай қалған жануарларды жинақтап жеткізіп алу да үлкен қиындық туғызған еді. Осыған орай, өткен аптада аудан әкімдігі тарапынан шұғыл штаб құрылып, шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарына далада қалған жылқыларын жеткізіп беру үшін материалдық-техникалық көмек ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі сонымен қатар мал иелеріне алдағы уақытта қысқы мал азығын ерте даярлап, жемшөп қорын молынан жасау қажеттігін де ескертуде. Негізінде фермерлерге жемшөп дайындауға байланысты мемлекет тарапынан көмектер қарастырылған. Мәселен, 2023 жылы Жаңаарқа ауданы бойынша 584 шаруа қожалығына жемшөп шығынын өтеу үшін бюджет есебінен 749,2 млн. теңге субсидия бөлініпті. Оның тиімділігі қалай болғанын әзірше айту қиын.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қыс қарсаңындағы мәліметі бойынша, облыста 160 797 ірі қара, 225 149 бас қой, 53 883 ешкі, 176 500 жылқы, 740 түйе түлігі бар болатын. Бұл қараша айындағы мәлімет болғандықтан, соғым кезінде бұл көрсеткіш шамалы төмендеген де болар. Осы мал басына 539 мың тонна шөп дайындалды. Шаруа қожалығы иелеріне жемшөп шығынын өтеу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. 400 млн. теңге қаржы бөлініп, төленген. Иә, малды қыстан аман-есен шығарудың кепілі – жем-шөп. Бірақ, мал ұстаған қауым ірі қара мен ұсақ түліктеріне болмаса, жылқыға арнап шөп дайындамайды. Жылқының қыстай далада тебіндеп шығатынына жұрт дағдыланған. Ал, қоянның биылғы қытымыр қысы бұл жағдайға мүмкіндік бермей, жылқы малы мұз құрсанған қардың қалыңдығынан даладан шөп тауып жей алмай қалды. Мұз жұтып қойған биелердің арасында құлын тастап жатқандары көп көрінеді. Әлсіз тай, жабағылар шығынға ұшырауда.
Қыс ауыртпалығын Ұлытау ауданының шаруа қожалықтары да көтере алмай, қиналу үстінде. Ұлытау селолық округіне қарасты «Комсомол» деген жердегі фермер Қарғабай Құлшарипов: «Шұбарсайда әр жерде жылқылар өліп жатыр. Бір қара бие, бірнеше жабағылар шығын болыпты. Осыны хабарлап, жігіттерге малдарыңды байқаңдар деп ескертіп жатырмын», дейді. «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Шаяхмет Үмбетов те Жездідегі адамдардың көбісі жылқыларын қолға алып, онсыз да тапшы жемшөптерін уайымдап отырғанын айтады. Кенттен 20 шақырымдай жерде балаларының да шаруашылығы бар екен. Олар да тай-жабағылары мен жүдеген жылқыларын қолға ұстап отырған көрінеді.
– Жалпы, қазір ауыл шаруашылығына жоғарыдан дұрыс бағыт беріліп, жеткілікті қамқорлық жасалынбай отыр. Ең әуелі, бұрынғыдай ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне деген құрмет жоқ. Соның салдарынан қазір мал бағуды «аннан қашқан-мыннан қашқан» кездейсоқ адамдарға тапсырып қоятын болды. Ал, биылғы жыл ерекше ауыр болып тұр. Шаруа адамына қоян жылы кіргеннен бастап жайсыздық келді. Өткен көктем мен жаздың басында түн салқын болды, жаңбыр жаумады. Содан шөп дұрыс шықпады. Шыққан шөпті маусым, шілдедегі қатты ыстық күйдіріп, қуратып тастады. Одан тамыз бен қыркүйектегі жиі жауған жаңбыр елдің жинаған азды-көпті шөптерін қарайтып, оның азықтық құнарын төмендетіп жіберді. Осының барлығы қазіргі малдың күйіне әсерін тигізуде. Көп адамның жеткілікті шөптері жоқ. Қыстан жемшөпке жарымай жүдеп шыққан мал көктемнің қарасуығында тіпті қалжырап, өліп қалуы мүмкін. Міне, ақпанның аяқталуына бірер күн қалғанымен, алда әлі бір ай қыс бар. Сондықтан малды жүдетпеуге күш салу керек, – дейді ертеден шаруашылық жағдайына көзі қанық Шаяхмет ақсақал.
Осы жерде әңгіме өзегі келіп тағы да жемшөпке тіреледі. Күзде Қызылордадан житняк пен күріш сабанын әкелгендер Ұлытау ауданы аумағын аралап жүріп сатыпты. Малы барлар соны алуға мәжбүр болған. Осы өңірдегі кейбір шаруашылық иелері рулон күйінде тайланған шөпті Торғай жағынан тасымалдап жеткізген. Сонда дейміз, жергілікті жерде мал азығын дайындайтын шабындық жоқ па деген сауал туындайды. «Шөп шабатын жерлер бар. Бірақ, өткен жаздың қуаңшылығы мен қолайсыз ауа райы алқаптардан қажетті өнім жинауға мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, кейбір шаруа иелерінің жеткілікті мал азығын жасап алуға күштері толық жетпеді», дейді ауыл адамдары. Шындығында жоғарыда Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Ш.Үмбетов айтқандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шаруа қожалықтарын дамытуға қолдау жеткіліксіз. Көптеген фермерлердің қолындағы техникалары ескірген. Соған байланысты жемшөп дайындау мүмкіндіктері де шектеулі. Лизингпен жаңа техника алуға әркімнің қолы жете бермейді. Мал шаруашылығына субсидия төлеудің жайы да осы сияқты күрмеуі қиын мәселеге айналған.
Екінші бір мәселе, облыс көлемінде шабындық алқаптары да тапшы. Суармалы жерді игеру жолға қойылмаған. Жылда шөп шабатын жерлердің топырақ қабаты тозып, құнарлығын жоғалтуы айтарлықтай проблемаға айналуда. Мұның өзі табиғаттың тепе-теңдігін сақтап, өсімдіктің өсуіне қатысты шараларды ғылыми негізде қолға алуды қажет етеді. Бір кездегідей екпешөп егуді жолға қоюға жете көңіл бөлінбей отыр. Жаңаарқа ауданында өткен жазда «Мирас» шаруа қожалығы жаңбырлатқыш қондырғы алып, жоңышқа егіп суару арқылы жақсы өнім алғанын көрдік. Осындай бастамалардың кеңінен таралуына аудан әкімдіктері тарапынан қолдау көрсетілсе оңды болар еді.
Облыста көзін тапса төрт түлікті өрбітудің мүмкіндігі мол. Алайда, мал бағу оңай емес. Ата кәсіпті қазіргідей бірыңғай шаруа қожалықтарының иығына артып қою іс тетігін шешпейді. Малдың жемшөбін, жайылымын, суатын ұйымдастыруға оларға мемлекет тарапынан көмек керек. Осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының іскерлігі сынға түсері анық. Ал, әзірше осы құрылымның саланы дамыту бағытындағы нәтижелі ісін көре алмай отырмыз. Тіпті қазіргідей ауыл аймақтарында жылқы жұтап, шығынға ұшырап жатқан кезде де бұл құзырлы мекеменің үні естілмеуі түсініксіз.
Амандық РАХҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі.