Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл өңірде 10 спорт нысаны іске қосылмақ. Соны бірі – «Қазақмыс» корпорациясының «Намыс» спорт клубының балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы.
Естеріңізге сала кетейік, аптаның басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады. Қабылдауда өңір басшысы Президентке Ұлытау облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Облыс әкімінің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14 пайызға өсіп, 210,1 миллиард теңгеге жеткен. Осы ретте жеке инвестицияның үлесі 90 пайызды құрады.
– Өткен жылы өңірде жалпы сомасы 10 миллиард теңге болатын 3 ірі жоба іске асырылды. Ал, биыл кем дегенде 16 жобаны, оның ішінде өнеркәсіп және геология бағыттары бойынша – 8, туризм және сауда салаларында – 3, агроөнеркәсіп кешенінде 5 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңірде 700 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді өңір басшысы өз есебінде.
Берік Әбдіғалиұлы биыл аграрлық салада құс фабрикасын, ет өңдеу кешенін салу, 3000 гектар аумақта картоп және көкөніс өсіретін фермерлік шаруашылықтарды іске қосу көзделіп отырғаны жөнінде мәлімет берді.
Білім беру саласында да ауқымды жұмыстар атқарылатыны айтылды. Атап айтқанда, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 – 2025 жылдары 3600 орындық 6 мектеп салынады. Оның біреуі биыл Жезқазған қаласында пайдалануға берілмек.
Ұлытау облысының әкімі өз есебінде биыл іске қосылатын 10 спорт нысаны жайында да баяндады.
– Үстіміздегі жылы 320 адамға арналған бассейні бар көпфункционалды спорт кешені, Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясының «Намыс» СК балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы, Жезді және Жаңаарқа кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қаражал қаласында жабық бассейн, сондай-ақ ангар типті 5 ойын кешені салынады, – деді әкім.
Кездесуде облыстағы жылыту маусымының және жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы да айтылды. Инфрақұрылымды одан әрі дамытуға байланысты 2029 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын жылумен қамтамасыз ететін екінші жылу электр орталығының құрылысын жүргізу жоспарланып отырғаны, бұл орталық жылу тапшылығы мәселесін шешуге ықпал ететіні сөз болды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Мемлекет басшысына Жезқазған – Қызылорда және Жезқазған – Арқалық жолдарының құрылыс-монтаждау, Үйтас-Айдос су құбырын реконструкциялау жұмыстары басталғаны жайында да баяндады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.