«Алғашқы құрылысшылар алаңы»
Бейбітшілік даңғылы мен С. Сейфуллин бақжолы қиылысар тұста орналасқан саяси-мәдени орын «Алғашқы құрылысшылар алаңы» деп аталады. 1978 жылы осы жерге Жезқазған қаласының құрылысына сіңірген еңбектері үшін және Еңбек Қызыл Ту орденді «Қазмысқұрылыс» тресінің ардагер құрылысшыларының өтініш-тілегіне орай «Алғашқы құрылысшылар» обелискісі орнатылды. Аталмыш обелискінің ашылуына орай халық депутаттары Жезқазған қалалық Кеңесі атқару комитетінің 1978 жылғы 4 тамыздағы № 299/15 шешімімен обелиск орнатылған осы алаңға «Алғашқы құрылысшылар алаңы» атауы берілді.
«Алаш алаңы»
Қаламыздың орталық көшелерінің бірі – Алашахан даңғылының басында орналасқан саяси-әкімшілік орталық «Алаш алаңы» деп аталады. Бұл алаң халық депутаттары Жезқазған қалалық Кеңесі атқару комитетінің 1983 жылғы 20 сәуірдегі № 174/7 шешімімен «Ленин алаңы» деп аталған. Маңайында қалалық әкімшілік ғимараты, Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің бас ғимараты бар. Кейін Жезқазған қалалық мәслихатының 1999 жылғы 14 қарашадағы № 2/18 шешімімен Ленин алаңы Алаш алаңы болып өзгертілді.
«Қ. Сәтбаев алаңы»
Қаладағы Абай, Сәтбаев, Бейбітшілік, Жастар көшелерінің қиылысында орналасқан саяси-мәдени орын «Қаныш Сәтбаев» алаңы деп аталады. Алаңда академик Қ. И. Сәтбаевтің ескерткіші орнатылған. Әуелде бұл алаңға халық депутаттары Жезқазған қалалық Кеңесі атқару комитетінің 1983 жылғы 20 сәуірдегі № 174/7 шешімімен «Металлургтер алаңы» атауы берілген еді. Ал, 1999 жылғы 15 маусымда Жезқазған қалалық мәслихатының шешімімен бұл алаң Қ. Сәтбаев алаңы деп өзгертілді. Алаң аумағында «Қазақмыс» корпорациясының бас офисі, С. Қожамқүлов атындағы сазды-драма театрының ғимараты бар. Бүгінде алаң жаңғыртылып жатыр. Мұнда көгалдандыру, безендіріру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алаң келешекте қала халқы көп жиналатын демалыс орнына айналады.