Үстіміздегі жыл да мәреге жақындап қалды. Қазір «не атқарылды, не нәрсе жүзеге аспай қалды» деген сыңайда әр мекеме жыл ішіндегі шаруаларын сарапқа салып, қорытындылау үстінде. Осыған орай, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жезқазған қаласы бойынша биылғы атқарылған істер мен қолбайлау болған проблемаларға үңіліп көруді жөн көрген едік.
Сонымен қоса Жезқазғанның қала мәртебесін алған күн де жақын қалыпты. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының 1954 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен Қарағанды облысы Жезқазған ауданындағы Үлкен Жезқазған қалашығы қала болып қайта құрылып, ол қалаға Жезқазған аты берілген болатын. Міне, сол тарихи атаулы күнге биыл 69 жыл толатын болса, алда қаланың 70 жылдығы келе жатыр. Қала әкімі Қайрат ШАЙЖАНОВПЕН осындай елеулі кезеңде кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Қайрат Абдоллаұлы, биылғы жылдың сәуір айында облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, бірталай маңызды міндеттерді алға қойғаны есімізде. Сол жиында қаланың жол инфрақұрылымын жақсарту үшін көлемді қаржы бөлінгені, бұл өткен жылмен салыс-
тырғанда шамамен 2,5 есе көп екені айтылған болатын. Соған қарағанда жол жөндеуде іркіліс болмайды ғой деп ойлаған едік. Алайда, жаз бойы негізгі көшелердің жолдарына орташа жөндеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмегені туралы тұрғындар тарапынан реніштер көп болды. Әңгімені осы жолдың жағдайынан бастайықшы, не істелді, не істелмей қалды?
– Бұған дейінгі жылдарда қалада жол жөндеу жұмыстарына 800 млн. теңге бөлініп келген екен. Иә, биыл қалалық бюджеттен алғашқы рет 3,1 млрд. теңге көлеміндегі ауқымды қаржы қарастырылды. Оның 2,3 млрд. теңгесі игерілді. Әлбетте жөндеуге кететін шығындарды негіздеу үшін ақаулардың ведомостық сараптамасы жасалады. Жөндеу жұмыстарын сараптамадан өткізіп, жоспарлаудағы бұл маңызды құжатты дұрыстап жасамау біздің кінәмізден болғанын мойындау керек. Мердігерлердің жұмысты созбақтауына осы әсерін тигізді. Мәселен, күн суытып кеткен соң 9-орамішілік жолдардың жөнделуі толық аяқталмай қалды. Қалған жұмыстарын мердігер келесі жылы жалғастыратын болады. Гагарин көшесінің жолын жөндеген мердігер жұмысын шала атқарып, дұрыс істемеді. Онымен сот арқылы келісім шартты бұзамыз. Былайша айтқанда, жазда атқарылатын жұмыстар қыста бүге-шігесіне дейін анықталып, дайындалмады. Енді алдағы жылы осы кемшіліктен сабақ алып, қайталамаудың жолдары қарастырылуда. Қазір 2024 жылы жөнделетін 56 көшенің жолы мен 20 орамішілік орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасын жасап жатырмыз. Олардың 12-сі ведомстволық сараптамадан өтті, қалған 42-сі жыл аяғына дейін сараптамадан толық өтуге тиіс.
Қазірде мердігерлермен жұмыс істеу жөніндегі ережеге өзгеріс енгізіліп, онда бағаны түсіруге байланысты шектеу қойылды. Соған сәйкес конкурсқа қатысушылар енді белгіленген бағаны құлдилатып түсіре алмайтын болды. Жаңа ереже бойынша 5%-ен артық түсірулеріне жол берілмейді. Жол жөндеуге байланысты ауқымды жұмыстар алдағы жылдың еншісінде тұр. Қала жолдары мен орамдардағы жөндеу жұмыстарына 8 млрд. теңге қаржы сұрап отырмыз. Оның ішінде 3,5 млрд. жергілікті бюджеттен, 1,5 млрд. облыстан бөлінбекші. Қалғанын жыл басындағы бюджеттің қалыптасуына байланысты қарастырамыз.
– Биыл қаладағы жылу магистралдарын жаңарту бойынша ұзақ уақыт бойы жұмыстар жүргізіліп жатқанын байқаған едік. Жоспарланған жұмыстар ойдағыдай іске асты ма?
– Жылу магистралінің 2-кезегі 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жоба. Республикалық бюджеттен бөлінген 3,1 млрд. теңге қаржыға 3, 9 және 11-магистральдардың биылғы жоспарланған бөліктері ойдағыдай жаңартылды. Бұл іспен «Алматыинжстрой» АҚ тұрақты айналысып, сапалы атқарып келеді. Сейфуллин көшесі бойындағы құбырлардың диаметрі 355 мм-ге, Алашахан даңғылындағы құбыр 800-ден 1220 мм. көлемге ұлғайтылып жаңартылды. Байыту фабрикасынан басталатын 11-магистраль құбыры да айырбасталды. Қосымша қаржыландырудың нәтижесінде Алашахан даңғылы бойындағы жылу құбырының келесі жылы айырбасталуға тиіс бөлігін де биыл жаңартып алдық. Жалпы жылу магистралін жаңартуға республикалық бюджеттен 5,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаржы бағытталып, биылғы жылы айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл жоба алдағы жылы одан әрі жалғастырылады. Жоспар бойынша бұл бағыттағы құбырларды жаңарту 91-орамдағы Марғұлан көшесіне дейін жүргізіледі. Жұмыс барысында бұрын жердің бетінде жатқан құбырлардың барлығы жер астына түсірілетін болады.
– Қазір нағыз қысқы кезеңге аяқ бастық. Тұрғын үйлердің жылуының жағдайы қалай? Сондай-ақ, қыс кезеңінде қала жолдарын күтіп ұстап, тазарту жұмыстарымен айналысатын мердігер анықталды ма?
– Биыл жылуға қатысты көп шаруалар жасалып, жүйе жақсара түсті. Өткен жылы ЖЭО-да ағымдағы жөндеу болмаса қазандықтарға күрделі жөндеу жасала қоймағантын. Биыл екі қазандыққа күрделі жөндеу жасалды. Жылу-электр орталығы маусымды 4 қазандықпен бастап еді, күрделі жөндеуден өткен бір қазандық бүгін-ертең іске қосылмақшы. Ал, қаңтардың 10-да №9 қазандықтың күрделі жөндеуі аяқталады. Сонда қатты аязда 5 қазандық жұмыс істеп, біреуі резервте тұратын болады. Дегенмен, жылуға қатысты түсіп жатқан бірен-саран шағымдар бар. Әр шағым бойынша анықтап, жедел шара қолданамыз.
Жолды қыста күтіп ұстау бойынша конкурс жарияланып, оған 750 млн. теңге қарастырылды. Конкурс жеңімпазы болған «Адал еңбек» ЖШС көше сыпыратын және шаңсоратын құрылғысы бар 6 «КамАЗ» автокөлігін, 6 трактор сатып алды. Қысқа сақадай сайланып отыр. Жолға себетін құм да жеткілікті. Өткен қыста 4 қаңтардан бастап екі тәулік қар жауып, жолды басып қалғанда тазалайтын техникамыз да болмаған. Фабрикадан, ЖМЗ-дан көмек алып жағдайды әрең деп түзегенбіз. Биыл ондай проблема болмауға тиіс.
– Қабанбай батыр шағын ауданындағы жылуға қатысты проблемалар шешілді ме? Олардың газбен жабдықталуға қолдары толық жетті ме?
– Бұл ықшам аудандағы жылу қазандығы әбден тозығы жетуіне байланысты тоқтатылды. Жылда жөндеуіне 700 млн. теңге қаржы кетеді. Елді мекендегі барлық үйге газ желісі келіп тұр. Барлығы 224 үй бар. Осындағы 12 үй иесі өтініш жазып газдан бас тартты, жеке пештерін қолданбақшы. Әлеуметтік жағдайы осал топқа жататын 101 үйге газ пештерін қоюға бюджеттен қаржы бөлініп, көмек жасалды. Ал, қалған 111 үй газ колонкаларын өз қаржыларына орнатып алды. Сонымен қоса от жағатын үш үйге 4 тоннадан көмір түсіріп бердік. Қабанбай ауылының жылу мәселесі осылайша шешілді.
– Жасыл желектерді суару мен күтіп ұстауға қатысты биыл қоғам өкілдері тарапынан көп сын айтылған еді. Алдағы уақытта саябақтар мен көшелердегі ағаштарға күтім жасау жайы қалай ойластырылып отыр?
– Қала бойынша 31 арнайы жасыл желек аумақтары бар. Оның ішінде ауқымдысы Наурыз, Жастар саябақтары және Ғарышкерлер бақжолы, қалғандары шағын скверлер. Алдағы жылы тағы жаңадан 3 скверді қатарға қосатын боламыз. Осыларды суарып, күтім жасауда арнайы коммуналдық кәсіпорынның болмауы үлкен қолбайлау болды. Тендер ұтушылардың шалағайлығынан бұл сала көп зардап шекті. Өйткені, бағаны 50%-ке дейін түсіріп жіберіп ұтып алған мердігер ақшасын не жұмысшының айлығына, не суаруға жеткізе алмай, әуре-сарсаңмен уақыт өткізіп жүрді. Осы жағдайдан шығу үшін коммуналдық кәсіпорын құрдық. Жақында Әділет басқармасында тіркеуден өтті. Кәсіпорында 100 адам еңбек етеді деп жоспарлануда. Мәселен, Наурыз бен Жастар саябағының өзінде жасыл желекке дұрыс күтім жасау үшін 8-10 адам жұмыс істеуі керек. Енді арнайы техникалар алу мақсатында облыстан 700 млн. теңге қаржы сұрап отырмыз. Осы шаруаларды жүзеге асырсақ, алдағы уақытта жасыл желектерді суару, зиянкестерден залалсыздандыру, күтіп ұстау бойынша келеңсіздіктер болмайды.
– Қаланы абаттандыру бойынша да атқарылған шаруалар аз емес шығар. Айтпақшы, көп қабатты үйлердің аулаларына ойын алаңдарын орнату жөніндегі жұмыстар қыс айына дейін созылып кеткен сияқты, мұның себебі неде?
– Көп қабатты үйлердің қасбеті мен шатырын, кіреберістегі терезелерін жөндеуге көңіл бөлінді. Биыл жоспарланған 48 үйдің қасбетін әрлеп, әдемілеу толық аяқталды. Келесі жылы тағы 49 үйдің қасбеті жаңартылатын болады. Аулаларға бейнекамералар орнатылуда. Біздегі көп қабатты үйлерде 287 аула бар. Жоқ дегенде әр үйден екі бала шығады. Сондықтан ауладағы ойын алаңдарының маңызы зор. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 81 алаңға қаражат сұрадық, оны депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері де қолдаған болатын. Сонымен қатар 21 спорт алаңына қаржы бөлінді. Оларды лот-лотқа бөлгенде 5 мердігер ұтты. Бірақ істері ала-құла болды. Мысалға, «Арнайы құрылыс» 30 алаңнан 10-ын ғана жасады. Біз өскемендік бұл фирмамен келісім шартты бұзып жатырмыз. «Видеострой компаниясы» ұтқанымен жұмысты бастамай қойған соң келісім шартты бұзуға мәжбүр болдық. Қайта жариялаған конкурста қыркүйек айында ұтып алған Қарағандының «Казхимсинтез» ЖШС 14 алаңның үшеуін бітірді. «Жезқазған транссигнал» ЖШС футбол алаңдарының 90%-ін орнатып болды. Абай көшесі бойынша жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары қоса жүргізілді. Келесі жылы автомобиль жолына асфальт төселіп, көшенің аяғына дейінгі абаттандыру жұмыстарының барлығы тиянақталады.
Көше көркін кіргізетін 39 заманауи аялдама орнатылды. Келесі жылы тағы 54 аялдама жаңартылады. Жаңа аялдамалар автобусты тоңбай күтуге лайықтап жасалған, бейнекамералармен жабдықталған. Алаңдарға, адамдар шоғырланатын жерлерге де 219 камера қойылды, автожолдарда 18 жылдамдық өлшегіш істеп тұр. Оның өзі бюджетке айыппұлдан 95 млн. теңге қаржы түсірді.
– Қаланың тазалығы, қоқыстардың уақытылы жиналмауы туралы да айқай-шу көп болған еді.Осы шаруалардың қазіргі жағдайы қалай?
– Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау тарифінің 110 теңгеден 330 теңгеге көтерілгенін білесіздер ғой. Тарифті көтерген кезде біз мердігерге жаңа техникалар сатып алу жөнінде талаптар қойдық. Соған орай, «Сәт Тазалық» ЖШС биылғы сәуір-мамыр айларында лизингке 7 жаңа техника алды. Солармен бірлесіп қоқыс салатын жерасты контейнерлерін орнатқан едік. Соның 24-ін тұрғындар өздері өртеп жіберді. Жаңа қоқыс жәшіктерін де қойып жатырмыз. Бірақ, тәртіп нашар. Тәртіп бойынша тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды ғана контейнерлерге төгулері керек. Ал, біздегі адамдар осы тәртіпке үйрене алмай келеді. Құрылыс материалдарының қалдығын да, пайдаланудан қалған ескі-құсқы заттарын да қоқыс алаңына әкеліп үйіп тастайды. Сосын барып, «қоқыс тасылмай жатыр» деп айқай-шу көтереді. Ортақ іске жанашыр болсақ, бұлай болмауға тиіс.
– Қайрат Абдоллаұлы, алдағы жыл қаланың мерейтой жылы болғалы отыр екен. Жезқазғанның қала мәртебесін алғанына 70 жыл толады. Осы айшықты кезеңді тарту-таралғылармен қарсы алу жөнінде ойластырылып жатқан іс-шаралар бар шығар?
– Уақыттың алдына ертерек түсіп кетпейік деп отырмыз. Алда қаланың 69 жылдығын қарсы алып, атап өтуіміз керек. Осы мереке күні халыққа ұсынатын «Жездалам менің, жезқалам менің Жезқазған» деген концерттік бағдарлама алдағы 70 жылдық іс шаралардың бастауы десек болады. Одан әрі жаңа жылдан бастап қаланың 70 жылдығына байланысты іс-шаралар мен екпінді істер аясы кеңейе бермек. Қазір жоспар жасалу үстінде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру, көшелерді, скверлер мен саябақтарды абаттандыру, жолдарды жөндеу сияқты жұмыс ауқымдары белгіленіп жатыр. Жалпы, биыл қала шаруашылығына қатысты көп жұмыстар атқарылды. Алдағы ойға алып отырған істеріміз бұдан да ауқымды болмақ.
– Қайрат Абдоллаұлы, ойға алған шаруалардың орайымен жүзеге асуына тілектеспіз. Уақыт бөліп, қойған сауалдарымызға жан-жақты жауап бергеніңізге ризашылық білдіреміз. Көп рахмет!
Айтпақшы, қала әкімімен бір сағатқа жуық әңгімелескенде ол бірде-бір құжатқа немесе қағазға қараған жоқ. Цифр болсын, көше қиылысының қай жерінде қандай құбыр айырбасталғаны болсын, барлығын жатқа айтып отырғаны сүйсіндірді. Бұл да болса, өз ісіне әбден берілгендік пен қала шаруасына шынайы жанашырлықтың белгісі болар деп бағаладық.
Амандық РАХҰЛЫ.