«Нұрқазған» кенішіндегі конвейер желісінің үздіксіз жұмыс жасауын қадағалайтын арнайы бөлім бар. «Казцентрналадка» ЖШС-не қарасты бұл құрылымның жұмысшылары жеті қат жер астынан кенші өндірген кенді ысырап қылмай алып шығу жолында тер төгіп келеді. Аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің озат еңбеккерлерінің қатарында Жанбота Адешовтің есімі құрметпен аталады.
Жанбота Зейнуллаұлы 40 жылын өндіріске арнаған. Ботақара кентіне қарасты бұрынғы «Бабаев» совхозы, қазіргі Үміткер ауылында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке араласты. Алғашқы еңбек жолын Қарағандыдағы «Соколов» шахтасында бастап, кейіннен «Саран», «Байжанов» көмір шахталарында жалғастырды. 1984 жылдан 2009 жылға дейін көмір өндіру саласында еңбегі сіңген Жанбота Адешовтің 14 жылдан бері «Нұрқазған» кенішінде өндірістегі жолы жалғасып келеді.
– Көмір шахталарында жинаған тәжірибем бұл кеніште де көп көмек болды. Кенші кен өндірсе, оның өнімін жер бетіне шығару жолында қаншама құрылым жұмыла жұмыс жасайды. Сондай құрылымның бірі – слесарь-жөндеушілердің тобы. «Казцентрналадка» ЖШС-нің құрамындағы телім конвейерлердің үздіксіз жұмыс жасауын бақылап, ақауы шыққанда жөндеп, іске қосумен шұғылданады. Телімге Ербол Мақажанов басшылық жасайды. Мұнда оннан аса адам еңбек етсе, бригадада
4 адамбыз. Ауысым шебері Абылай Бекішов, электр-газбен дәнекерлеуші Артур Мырзамұратов, слесарь-жөндеуші Ури Жұмабай шыңдалған мамандар. Жалпы алғанда, телім өзінің алдына қойған мақсат-міндетін толық атқарып отыр, – деді Жанбота Зейнуллаұлы.
Кейіпкеріміз кәсіби маман ғана емес, өз кәсібі бойынша бірнеше жас маманға жол нұсқаушы тәлімгер де бола білді. Ол тәлімінде шыңдалған Қазыбек Исабеков, Талғат Кенжебеков сынды кейінгі толқыннан көп үміт күтеді.
Жанбота Адешовтің өндіріске қосқан үлесі бағалаусыз қалмады. Жақында «Казцентрналадка» ЖШС басшылығының шешіміне сай, «Құрметті қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Жер астындағы механизмдердің тілін меңгерген Жанбота Адешовтің өндірістегі еңбек жолы жастарға үлгі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.