Бала кезімізде ауыр жүк көлігін тізгіндеген әкеміздің оны машақаттана жөндеп, жұмысына уақытынан кешікпей баруға қамданып жататынына жиі куә болдық. Қыста қатып қалып жатса, оны қыздырып, оталдырып әуре-сарсаңға түсетін. Қазіргідей жылы гараж деген ол кезде онша ұшыраса бермейтін.
Мұндай машақаттың талайын біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де басынан өткерді. Ауыр көліктің сыр берген тұсы болса жөндеп, кешікпей тасымалға шығуға ұмтылды. Ол өз кәсібіне адалдығының арқасында қырық екі жыл көлік тізгіндеп, озат жүргізуші атанды.
Қара мыстың отаны – Қарсақбайдың тумасы Орынбек Қалмұрзаевтың еңбек кітапшасында тек бір ғана кәсіпорынға қабылданғаны жазылған. 1981 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына көлік жүргізушісі болып қабылданған Орынбек Айтбайұлы әлі күнге дейін сол кәсіптен қол үзген жоқ.
Орынбек Айтбайұлының өз мамандығына деген адалдығы кейінгі жастарға үлгі болды. Кәсіпорынға жұмысқа келген жас буын оның тәлімін алды. Көлікті тізгіндеп қана қоймай, оны дер кезінде жөндеп алудың да тілін тапқан майталманның іскерлігі мен жауапкершілігі ізінен ергендерге мектеп болып қалыптасты.
– Кейде менен: – Аға, бір салада тапжылмай қырық жылдан аса еңбек ету жалықтырмай ма, әсіресе, қысы-жазы көлік тізгіндеу де оңай емес қой, – деп сұрап жатады. Мен оларға: – Көңілің қалаған жұмысты шынайы ынтамен істесең, барлық қиындықтан өтесің. Тек кәсіпке деген адалдық болуы керек. Жұмыс барысында болатын кейбір жағдайлар уақытша екені қаперде болғаны жөн, – деп жауап беремін. Адам мамандық таңдағанда қате шешім қабылдамаса, оның еңбектегі бағы да, бабы да келісті болады. Осыны кейінгі жастарға жиі айтып жүрмін. Осы кәсіпорынға табан тіреген қырық екі жылда талай қатарлас, ініміздей болып кеткен азаматтармен үзеңгі қағысып, қатар келдік. Қайрат Кеңірбаев, Виктор Вологодский, Дәулет Нұршабаев, Ерман Байлиев сынды озаттардың орны ерекше.
Қарашаңырақ аталып кеткен Қарсақбайда туып-өсіп, сонда білім алдым. Қасиетті мекеннің еңбексүйгіш азаматтарына тән болуға тырыстым. Өмір деген бір ағын судай сырғып өтеді де кетеді екен. Міне, зейнет жасы дейтін белеске де жетіп қалыппын. Ұрпақ жалғасып, жаңа буын өсіп келеді. 1983 жылы Зейнекүл есімді арумен бас құрап, отбасы болдық. Биыл шаңырақ көтергенімізге – 40 жыл. Зейнекүл Бірәліқызы – зейнеткер. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, қатарға қостық. Тоғыз немеренің қызығын қызықтап отырған жайымыз бар. Тұңғышымыз – Алмат полиция полковнигі, жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, қызымыз Алмагүл – көп балалы ана, кенжеміз Самат – Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнында механик.
Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеп, өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқарғаным үшін жақында мекеме басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағының ұйғарымымен «Еңбек озаты» төсбелгісіне ие болдым. Бұл мен үшін зор мәртебе. Еңбегімді елеген басшылық пен кәсіподақ комитетіне алғысымды білдіремін, – деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.
Байсалды да байыпты қалпынан танбаған Орынбек Қалмұрзаевтың азаматтығы мен кәсібилігін ұжымдастары үнемі үлгі етіп келеді. Еңбекқор жанның бұл қасиеті ұрпағына да жұғысты болғай.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.