Әңгіме кеншілер қаласындағы «Жеңіс» саябағының қарсысында қоныс тепкен «Тағзым» мемориалдық кешені туралы. Оны қалпына келтіру мен абаттандыруды астаналық «Интерсоюзсервис» ЖШС тендерде ұтып алған.
Нысанның төлқұжатына сенсек, құрылысты биыл 18 мамырда бастап, 20 тамызда тапсыру көзделген. Жобаның құны – 60 миллион теңге.
Өткен сенбіде жаздай жайрап жатқан кешеннің басында қала әкімі Шапағат Әубәкір, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері Алаш Тұрлыбек, Өтеш Ахметов, Әбуләйіс Молақов қалпына келтіру мен абаттандыруды мойнына алған жеке кәсіпкер Алмас Қазыбековпен кездесті. Әңгіме өте ауыр болды. Бар кемшілік бетке айтылды.
– Бүгін-ертең керекті материал келеді. Дүйсенбіден бастап 12 адам іске кіріседі. Он күнде тапсырамыз, – деді мердігер Алмас Қазыбеков.
– Айналайын, сен кімді ақымақ қылып тұрсың? Отыз адамды жапсаң да он күнде бітіре алмайсың! – деп, ашынған құрылыс саласының ардагері Алаш Тұрлыбек ашығын айтты.
Бір нәрсенің басы ашық – егер әрбір жауапсыз мердігер бастаған ісін аяқтамай тастап кете берсе, қала көп ұзамай құрылыс қоқысына айналады. Негізі тендер туралы заңға түбегейлі өзгеріс керек.
Әлібек ӘБДІРАШ,
қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі.
Суреттерді түсірген автор.