Биыл 20 балалар ойын алаңы салынатыны туралы жағымды жаңалықты естігенде кеншілер қаласында қуанбаған тұрғын қалмаған шығар?! Арасында біз де бармыз. Әлеужеліде сүйіншілеттік.
Көктемдегі сол көтеріңкі көңіл күзге жетпей су сепкендей басылды. Қыр астында қылтиып қыс тұр…
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен байқауда бағы жанған қарағандылық «МегаСтройСпектр» ЖШС биыл 19 сәуірде жасаған келісім-шартта 20 балалар ойын алаңын салу көзделген. Оған атқарылатын жұмысқа қатысты жұмсалатын шығынды, қолданыстағы Заңнамаға сәйкес барлық алым мен қосымша құн салығын (27 120 000 теңге) қосқанда 253 120 000 теңге қаржы төлеу қарастырылған.
Мердігер келісім-шарт ҚР Қаржы министрлігі аумақтық қазынашылық бөлімшесіне тіркеліп, күшіне енгеннен кейін 90 күн мұғдарында қолға алған істі техникалық сипаттамаға сай, ақаусыз тиянақтауға, көрсетілген мерзім сақталмаса әр күніне келісім-шартта көрсетілген соманың 0,1 проценті көлемінде айыпақы төлеуге міндеттенген, атқарған жұмысының сапасына үш жылға кепілдік берген. Техникалық сипаттама мен жобалық-сметалық құжаттарда көрсетілген талаптардың тиянақты орындалысын тапсырыс беруші немесе оның өкілі бақылап, тексеріп отыруы керек еді.
Өткен сенбіде қоғамдық кеңес мүшесі Алаш Тұрлыбек пен Өтеш Ахметов, қоғамдық кеңес мүшесі әрі қалалық мәслихат депутаты Әбуләйіс Молақов пен Ғалымжан Нұрпейсов, қалалық мәслихат депутаты Батырлан Сейітжаппаров пен Гүлмира Жаппасова ойын алаңдарында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Мәңгілік Ел, 20, Абай көшесі, 5А/1, 16, 50, 67, Ерден көшесі,197, 175, Тәуелсіздік көшесі,37, Ұлытау, 84, Сәтбаев даңғылы, 114 мекен-жайында орналасқан нысандарда болды.
Жұмыс сапасы мен қойылған қондырғылар беріктігіне көңіл аударып, ішінара ескерту жасады. Мердігер нысанды тапсырғанда маңайындағы құрылыс қалдығын, қоқысты тазалап, талапқа сай тапсыруын және кейін тиісті күтіп-ұстау мәселесін қарастыруы қажеттігін қадап айтты. Қоғамдық кеңестің жазбаша ұсынысы бюджеттік бағдарлама әкімшісі – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолданды.
Әңгімені ұзартпай, тоқетеріне тоқталсақ, көңіл көншітетіндей көрініс көзге түспеді: тапсыруға дайын тұр деген нысанның өзінде шаруа толық аяқталмаған, ойын алаңы қоршалмаған, төңірегі қоқыстан аяқ алып жүргісіз, кейбіреуінде жұмыс жаңа қолға алынып жатыр. Қойылған мүліктің сапасы да сын көтермейді, қабылданбай жатып қирап жатқаны да бар. Қысқасы, шаруа әлі шашетектен. Осы жерде тұрғындарға да өкпе айтуға тура келеді. Сірә, салынған нәрсеге жанашырлықпен қараған абзал-ау?! Кейде балаларға арналған орындыққа отырып алып, әңгіме-дүкен құрып отырған ересектерді де көріп жүрміз.
– Жұмыс өте кеш басталды. Жоба қолға уақытылы тимей, әкімдіктің табалдырығын тоздыруға бір жарым ай уақыт кетті. Сосын жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны құбыр жатқан жерді қазып, кедергі келтірді. Негізі тыңнан салған ойын алаңымыз төртеу, қалғаны бұрынғысы болғандықтан келісім-шартта көрсетілмеген олардың орнын қайта дайындауға да едәуір уақыт жоғалттық.
Алғашқыда Қарағандыдан 15 адамдық бригада алып келген едік. Бірақ, жұмыссыз отырып қалғандықтан, ол ойдан айныдық. Қазір 4-5 адам ойын алаңдарына балалар ойнайтын бұйымдар орнатумен айналысуда. Қалған қосалқы жұмыстарға жергілікті жігіттерді тартып жатырмыз. Керекті керек-жарақ жеткілікті. Қарашаға дейін толық тапсыруға тырысудамыз, – дейді, қарағандылық «МегаСтройСпектр» ЖШС инженері, кеншілер қаласындағы жұмысты үйлестіруші Мұрат Тұрсыналинов.
Жұмыспен танысқаннан кейін көкейде: «Балаларға базарлық па, әлде көзбояушылық па?» деген сауал көлденеңдей қалғанын несіне жасырамыз. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол бермеу үшін біз үшін маңызды бұл мәселе қалалық қоғамдық кеңестің бақылауында болады.
Әлібек ӘБДІРАШ,
қалалық қоғамдық кеңес мүшесі.