Таяуда Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма
театрының 52-маусымы жаңа премьерамен ашылды. Француз драматургі
Жеральд Сиблейрастың «Ветер шумит в тополях» пьесасы әлемдік театрлар сахнасында және Мәскеу театрларында табыспен қойылып жүр. Серке театры оны «Жел тербеген теректер» деген атпен көрерменге ұсынды. Орыс тілінен аудармасын жасаған – актриса Райхан Ибраева. Қоюшы режиссері – Мәдениет қайраткері Теміржан Жанботаев, қоюшы суретшісі – Қуат Дүйсенбек, музыкамен көркемдеген Медет Сламғазы.
Спектакль бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсетіп, қартайған шақтарында ұмыт болып, қалған өмірлерін соғыс ардагерлеріне арналған қарттар үйінде өткізіп жатқан үш қария жайлы. Үш кейіпкер – бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі тағдыр. Рененің осында келгеніне аттай жиырма бес жыл болса, Фернанға – он, ал Густавтың келгеніне алты айдай болған. Фернанның басында соғыстан алған жарақаты – минаның жарықшағы бар, сондықтан жиі талып қала береді. Рененің бір аяғы протез, Густавтың ақыл-есінде ауытқушылық бар .
Үш қария күнде террасаға жиналып, әр нәрсені әңгіме етеді, бір-бірімен дауласады, майдандағы күндерін еске түсіреді, құпияларымен бөліседі, талып қалған кезде Фернанға қамқорлық жасайды, оның жиі талып қалуын уайым етеді. Денсаулықтары нашар, мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан қарттар өмірлерінің әр сәтін, әр минутын құштарлықпен сезініп өмір сүруге тырысады. Елеусіз нәрсенің өзіне үлкен мән беріп, болмашыны уайым етіп, жүректеріне жақын қабылдайды. Келесі террасада жөндеу жұмыстары жүріп, басқа қарттарды осында әкелуі мүмкін деген хабар оларды әбігерге салады. Өздерінің оңаша өмірлеріне басқалардың араласуын қаламайды. Осылай сұрқай, бірсыдырғы өтіп жатқан күндеріне террасадан көрініп тұратын төбе басындағы жел шайқаған теректер өзгеріс әкелді. Жағдайларының мүшкілдігіне қарамастан еркіндік аңсаған жандар теректерден әрі қарайғы өмірді көру үшін қашуды жоспарлайды.
Спектакльде Рене образын актер Дүйсен Кенжеев, Фернанды Кенжетай Абильдин, Густавты Жәнібек Арыстамбеков ойнайды. Әрине, қажыр-қайраттары қайтпаған, нағыз дер шақтарындағы актерлерге қартайған, әлсіз, жүріп-тұруы қиын қариялар бейнесін шынайы сомдау үшін біраз еңбектенуге тура келген. Актерлер тағдыр ұқсастығы жақындастырған жандардың жүрек түкпірлеріндегі жалғыздық күйлерін терең сезініп, оларын сырт көзге көрсетпеуге тырысқан болмыстарын барынша ашып көрсетеді.
Аяғының ақсақтығына қарамастан өзін интеллигент сезініп, қолына сәнді таяқ ұстап, мойнына үнемі бант тағып жүретін сыпайы Рене – Дүйсеннің сөйлеген сөзі, қимыл-әрекетінен басқалардан гөрі өзін ақылдырақ сезінетіні байқалып тұрады. Сондықтан қасындағы «екі досының» ақылға сыйымсыз іс-әрекеттері, орындалмас қиялға берілуі кейде Рененің ашуын туғызады. Ұзақ жылдардан бері қарттар үйінің тыныс-тіршілігіне әбден көндігіп, өмірінің тыныштығын өзгенің бұзуына жол бермеуге тырысатын, әр істің түпкі нәтижесін анықтап алып барып, әрекет еткенді дұрыс санайтын оның: «Біз Үндіқытайда не істейміз? «Сіз оны бізбен еріп жүреді деп ойлайсыз ба? Жоқ, досым, есіңізді жиыңыз, ол тастан жасалған», «Мен ол жерде бізді не күтіп тұрғанын жақсы білемін. Түнеріп тұрған төбе, егер жолымыз болып жатса, біз осы сияқты басқа құдайханаға тап болармыз, олар бізге мейірімділік көрсетіп қабылдап алар. Жоқ, досым, мен мамлюк емеспін», – деген сөздері ақыл-есі қалыпты адамның сөзі. Солай бола тұра Рене аяқ астынан қарттар үйінен қашу туралы тағдырлас достарының арандатуына беріледі.
Қарттардың ішіндегі жасырағы алпыс жастағы Фернан. Кенжетай Абильдин өзінен жиырма жас үлкен қарттың образын сондай бір жылулықпен сомдайды. Басындағы жарықшақтың әсерінен жиі талып қалып, өлеусіреген шырақтай өмірі қалт-құлт етіп тұрған әлсіз, ауру қарттың аянышты халі бар болмысымен көз алдыңа келеді, сендіреді. Фернан рөлі кейіпкерлердің ішіндегі лиризмге толы орталық бейне. Талмасы ұстар кездегі дірілдеп-қалшылған кейіпі, есін жиғанда: «Кешіріңіздер, мен тағы талып қалдым», – деп кінәлі жандай кешірім сұрайтыны аяныш сезімін туғызады. Солай бола тұра актердің ойынында жеңіл иронияға толы күлкі тудыратын қимыл-әрекеттер, трюктер көп. Рене мен Густав дауласып қалғанда: «Мені куәлікке тартпаңызшы, мен одан қорқамын» – деп ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін жалтақ жанның бейнесі сондай әсерлі .
Талмасынан есін жиғанда айтатын: «Біз тылдан кіреміз, менің каптаным» деген жұмбақ сөзбен есте қалған жарқын күндері, жастық шақта болашағынан үміт күттірген пианист болғаны, тіпті әпкесінің өлімін де кездейсоқ білуі – барлығы өткен шақтың еншісінде қалған, қазір маңызды емес. Маңыздысы әр талмасы ұстағаннан кейін о дүниеден оралғандай күйде болуы. Бұның қанша уақытқа созылары белгісіз.
Жәнібек Арыстамбековтің кейіпкері Густавтың қарттар үйіне келгеніне көп бола қоймаған. Сондықтан мұндағы қалыптасқан тәртіпке наразы. Бөлмесінен көп шықпайды, адамдармен араласпайды. Келгеніне алты ай болса да осында тұратындардың көпшілігін танымайды. Медбикемен араздасып үлгерген. Балабақшадағы сияқты туған күндерді атап өту, кешке жылы көкөніс сорпасын місе тұтып, төсекке қисаю майданда ерлік көрсетіп, француз орден-медалінің біразын алған кешегі соғыс ардагерінің ашу-ызасын туғызады. Өлімді осында күтіп тыныш өмір сүруге көнгісі келмейді. «Бұл жерде біз ақылымыздан адасамыз. Жартылай құлыпта, жартылай қабірде. Солай емес пе, Фернан?» – деп қашу жоспарын ұсынған да сол. Өзі майданда болған алыстағы Үндіқытайға қашуды ұсыну, әрине, ақыл-есі орнында емес жанның қиялының нәтижесі. Мұнда оның Рене мен Фернаннан басқа сырын айтатын тағы бір «досы» бар, ол – террасада тұрған салмағы 100 кг асатын иттің мүсіні. Достарымен ақылдаса келе теректер тербеліп тұрған төбеге қашуға келіседі. Бірақ итті бірге ала кетеміз дегені, тіпті, күлкілі әрі аянышты. Дегенмен, картаны жайып салып, қашу жоспарына бар ықыласымен кіріскен Густав – жел тербеген теректерге жасалатын жорықтың өз өміріндегі ең маңызды, ең ақырғы батыл шешім екенін сезінеді.
Спектакль барысындағы үш қарияның әркеттері бір жағынан күлкі туғызса, қолдан келмеске ұмтылулары жүрегіңе салмақ түсіріп, жаныңды ауыртады. Спектакль финалындағы жыл құстарының қанатының суылдаған дыбысы естілген кезде үшеуі ақырғы мақсаттары – теректер тербелген төбеге шығуға үлгерген болар, ең соғы биіктерін бағындырған болар деген үміт оянады.
Қарттық – адам өмірінің ең ауыр кезеңі десек, жалғыздыққа ұшыраған кезде оның ауырлығы одан да зор болары сөзсіз. Сондықтан спектакль тақырыбы терең, бүгінгі күні де өте өзекті. Екі сағатқа созылатын спектакльді көрермен тапжылмай, жалықпай көру үшін кейіпкердің әр сөзіне мән беріп, барынша жүрекпен сезіну керек. Бұл ретте кейіпкерлерінің мінез ерекшелігін, қимыл-әрекетін барынша шынайы бере алған, нанымды жеткізе білген актерлердің рөл сомдаудағы шеберліктеріне тәнті боласыз. Көре отырып, ауру, әлсіз болып, қартайған шақта жалғыздыққа ұшырап, ешкімге керексіз болып қалудан сақтасын деген ойға келесіз, өмірдің мәнін тереңірек түсінуге тырысасыз.
Үмітай МОЛДАБЕРГЕНОВА,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі