Берісі Жезқазған, әрісі Қарағанды, Балқаш қалалары мен Жамбыл облысының аумағында орын тепкен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кен орындарын ашуда табысқа кенеліп жүрген Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі жарты ғасырда шахта құрылыстарын салуды жүзеге асыруда.
Қайрат Керімқұлов басшылық жасайтын трестің аймақтардағы басқармаларында жеті қат жер астында ен байлыққа түрен салып, еңбекте даңқы шыққан кеншілер жетерлік. Күні кеше ғана кәсіби мерекелерін атап өткен трест еңбеккерлерінің арасында Сәулет Нұрахметқалиев үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін омырауына тақты.
Сәулет Қайырханұлы еңбек жолын 1994 жылы Қарсақбай кентіндегі училищеде өндіріс шебері болып бастаған. 1996 жылы қарашаңырақтағы зауытқа ауысып, 2005 жылға дейін темір жонушы болды. 2005 жылы қалаға қоныстанып, кеншілер шаһарындағы тау-кен, шахта жабдықтары зауытына келді. Сәулет Нұрахметқалиев аталмыш зауыттан 2007 жылы біз сөз етіп отырған трестің механикалық теліміне темір жонушы ретінде жұмысқа ауысты. Темірден түйін түйген шебердің кейін кен өндірісне деген қызығушылығы оны үңгілеушілер бригадасының сапына қосылуға жол ашты. 2009 жылы Сәулет Қайырханұлы Бақытбек Кариннің үңгілеушілер бригадасына үңгілеуші болып келді. Міне, содан бері кен көзін ашушылардың алдыңғы қатарынан көрініп келеді.
– Бригадаға алғаш келгенде жетекшіміз Бақытбек Карин болатын. Үңгілеу жұмыстарын бес саусағындай меңгерген Бақытбектің қарамағында сайдың тасындай іріктелген жігіттер болды. Ғабит Жүсіпов, Мәди Түсіпов, Николай Жанқонысов, Қайрат Қозыбаев, Ербол Жуасов сынды жігіттер жоспар беруде ептіліктерімен көзге түсті. Қазір бұл жігіттердің барлығы да жеңіл жұмыста. Өмірлерін өндіріске арнаған бұл азаматтардың бір кездегі еңбегі еш кетпесе деймін.
Бүгінгі бригадиріміз Жеңіс Нұрбалаев. Кен өндірісінде өзіндік қолтаңбасы бар жетекшіміз бригаданы алға бастап келеді. Бірге еңбек етіп жүрген Үсін Әжібаев, Бауыржан Ермағанбетов, Данияр Рақашов сынды тәжірибелі үңгілеушілер жастарды тәрбиелуде. Бригадамыз айлық, жылдық жоспарды орындауда қалыс қалып көрген жоқ, – дейді Сәулет Нұрахметқалиев.
Кен өндірісіне қосқан еңбегін бағалап, биылғы мерекеде үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісіне лайық деп тапқан трест басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағына кейіпкеріміз дән риза.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.