(Соңы. Басы газеттің №28(1781) санында).
Түні бойы көз ілмеген Тұмар іштей күбірлеп, әлі басшымен болатын кездесуге қаржылық жағдайды дұрыстап, Қасым екеуінің қыспақтан шығуы үшін деген әрекет қой деп өзін алдап қойды. Осылай түнгі ұйқысы төрт бөлінген Тұмардың мазасыз күйін Қасым білмейтін еді. Таң атып екеуі таңғы шайларын ішіп, оқуларына шықты. Институтта жүріп Тұмардың мүлде мазасы қашты. Басшысы екі күннен соң алғаш кездескен жерде кездесетіндігін айтып, соңынан адам салдырып жүргенін білгенде қорқынышы ұлғая түсті. Келіспесе әлгілердің қандай қадамға баратынын Тұмар білді.
Оқудан соң жұмыс істеп жүрген мекемесіне аяғы әрең тартты. Амалдың жоғынан жұмысқа барған Тұмарды басшының аңдытқан адамдарының бірі көріп қалды.
– Саған бұл жерде абайлап жүруің керек. Егер дымыңды шығарып, біреуге тіс жаратын болсаң бастықтан жақсылық күтпе, – деп Тұмарды одан әрі тұманға батырғандай болды. Тұмар: «Мұндай сұмдыққа тап болатындай маған не болды?» деп өзінен-өзі сұрап қояды. Есеп бөліміндегі Қарлығашпен сөйлесіп, ішіндегісін ақтаруға оқталып еді. Бірақ, жағдай одан әрі ушығар деп үндемей, үйге келді. Бұл жолы Қасым Тұмардың бір жағдайға тап болып, қиналып жүргенін сезді.
Кешкі дастарқан басында Қасым Тұмарды әңгімеге тартып:
– Оқуың, барып жүрген жұмысың қалай? Бірнеше күннен бері жүзің сынық. Бірдеңе мазалай ма? Денсаулығыңда бәрі дұрыс па? Таяу күнде қолыма ақшам да тиеді. Сосын қаланы аралап, өзімізге мереке сыйлайық, жаным, – деді. Қасымды мұқият тыңдап отырған Тұмар сыпайы ғана жымиып:
– Менде бәрі дұрыс. Ештеңеге алаңдама. Оқуымның үлгерімі де топтағы студенттерден әлдеқайда жақсы. Жұмысым да…, – деді де үнсіз қалып, – Мен ол жұмысты қоятын шығармын. Үлгермейтін түрім бар. Оқудан соң кітапханаға барып, дайындалуым да керек. Сосын үйге келіп, сені кешкілік жұмысыңа шығарып салуға үлгеру де менің міндетім ғой, – деді. Бір-біріне сүйсіне қарап отырған екі ғашықтың адалдығына сызат түсерін Қасым білмейтін еді.
Тұмар басшысымен кездесетін күн де келді. Оқудан соң жұмысынан шығуға өтініш беруге барған Тұмарды соңында жүргендер машинаға салып, қала сыртына алып кетті. Алдында әлі басшысы отыр. Жылай, жылай көзі іскен Тұмарды жігіт айналшықтап қоймады. – Егер мендік болсаң, саған бәрін қиятынымды айттым ғой. Неге қырсығасың сонша? Сенің және анау қасыңдағы жүрген сүмелектің тағдырларың шешілетін сәт міне, келді. Жақсылап ойлан, сұлуым! Егер қырсығады екенсің сүйегің көмусіз қалады. Мына қолымдағы ақша – сенің өміріңе жетеді. Көнбесең өзің біл! Бір реттік ләззат сезімін емес, сенің маған өмір бойы сұлулығыңмен тамсандырып, жүрегіңмен бағындырғаныңды қалаймын, – деді. Ырыққа көнер түрі көрінбегесін қиянатпен арам ісін жүзеге асыруға көшті. Қас қарайып, түн батқанша кешіккен Тұмарды Қасым тағатсыздана күтіп, іздеуге шықпақ болды. Сол сәтте көше басынан машинаның жарығы көрінді. Тұмар алдынан шыққан Қасымды көріп, сабырсызданып, мазасы қашты. Түр әлпеті қашқан Тұмарды көрген Қасым:
– Мына түрің не? Сүреңсізсің ғой. Біреу қорқытып, бопсалағаннан саусың ба? – деді.
Тұмар барлығын ішіне сақтап,
– Барлығы дұрыс. Бүгін соңғы жұмыс күнім болғасын, біраз жұмыс жасадым. Содан түрім де шаршаңқы көрінген ғой, – деді.
Күздің қара суығы Тұмардың бойынан өтіп бара жатқандай еді. Дір-дір етіп, Қасымның қасына таянуға арланды. Үйге кіріп, Тұмар ас бөлмеге беттеді. Қасым дәлізде тұрған Тұмардың ашық сөмкесінің бетінен қомақты ақшаны көрді. Ас бөлмеге бет алған Қасым Тұмардан:
– Жаным, сен де ақша алғансың ба? Бірақ, мынауың қомақты ақша ғой. Бастығың жақсы жұмыс жасағаның үшін ақшаны аямай берген бе? – деп қалжыңдады. Ұяттан бетке қарай алмай күйіп бара жатқан Тұмар бір күрішкеге шайларын құйды да орындыққа отыра кетті. Солқ-солқ жылап, Қасымға:
– Екеуіміздің жарқын болашағымызды осы қаламен байланыстырдық. Өмірдің тұщысынан ащысы көп екендігін енді түсіндім. Сен маған ренжіме. Ағат қылығым болса кешірші, – деп мән-жайды толық айтпастан сылқ етіп еденге құлап түсті. Денсаулығына зиян келді ме, әлде болған жайттар Тұмарды қалжыратты ма бірнеше күн ауырып, жатып қалды. Жүрек айну, бас айналу деген құбылыстарды байқаған Тұмар басшымен болған жайды ойлағанда жынданып кете жаздады. Дәрігерге көрініп, қаралғанда төрт апталық жүктіліктің бары анықталды. Бұл жағдай Тұмарға мүлде қатты соққы болды.
Осылай күн артынан күн өтіп жатты. Тұмардың Қасымға деген сезімі суып кеткендей болды. Өзін оған лайықсыз адам ретінде көріп, өмірден баз кешті. Қасымға болған жайдың бәрін айтпаққа ниеттенді, бірақ жүрегі дауаламады. «Менен енді күдерін үзсін. Арымды былғап, бұлай Қасымды қорлағаннан, бір жолға өмірінен кетейін», – деп Тұмар Қасым жоқта бір уыс дәріні ішіп, ес-түссіз құлап, түні бойы үйде жалғыз жатып, өмірмен қоштасып кете барды.
Кешке жұмысынан қайтқан Қасым жалдамалы үйден адамдардың кіріп-шығып жатқанын көрді. Дереу ішке жүгіріп кірді. Бірақ, бұл кезде бәрі кеш еді. Екі күннен соң арулап денесін жер қойнына тапсырған Қасым Тұмардың неге мұндай жағдайға барғанын білмей дал болды. Баз кешіп, бәрінен түңілді.
Қасымның оқуға деген ынтасы мүлде жоғалды. Сабағы нашарлап, үлгерімі төмендеп кетті. Жұмысына да ықтиятты болудан қалды. Тұмардың қазасына қырық күн өтпей тұрып, Қасым үйінің маңайында бір-екі жігіттің торып жүргенін көрді. Бұл сол Тұмардың басшысы жіберген аңдушылар еді. Тұмарды аңдып жүргендері анық. Есігінің алдынан аңдып жүргендердің әрекеттерін екі-үш рет көзі шалған Қасым оларға таянып, неге үйді торып жүргендерін сұрады. Бәлкім Тұмардың өліміне осылардың қатысы бар шығар деген ой келді Қасымға. Анық-қанығын білмек болған оған жігіттер қоқан-лоқы көрсетіп, тыныш жүр деп ескертті. Мұның соңына жетуді көздеген Қасым қасына бір топ жігітті ертіп, аңдушылардың ізін бақты. Қайдан келіп, қайда баратындарын, кіммен байланысатындарын мұқият білген Қасым әлгі үйге барды.
Тұмардың басшысымен алғаш кездескен үйі еді. Зәулім үйдің қақпасындағы қоңырауды басқан Қасымға денелі жігіт есік ашып, кімнің керектігін сұрады. Тұмардың басшысы Қасымның келіп тұрғанын терезеден байқап, оны ішке кіргізуді бұйырды. Қасымды сырттай көрген жігіт оны қарсы алып, құрмет көрсетті.– Мен сені сырттай көргенмін. Әйелің бе әлде болашақ жарың ба өзіне-өзі қол жұмсапты. Өте өкінішті. Ондайды тек ақымақтар ғана жасайды. Мен оны бақытқа бөлеу үшін бәрін де жасадым. Қолына ақша да ұстатып тұрдым. Алайда ол менің жақсылығымды түсінбеді. Екі қабат та болғанын мен жақсы білемін. Бала кімдікі екенін біле алмадық тек…, – дей бергенде Қасым жігітке жұдырық ала жүгірді.
Ашудан ызаға булыққан Қасым үстел үстінде тұрған шыны гүл салғышпен қара құстан бір ұрып, құлатты. Сыртта жүрген екі-үш жігіт іштегі шуды естіп, ішке кіргенде қан жоса жігітті көрді. Қасым өзінің не жасап қойғанын білмей, абдырап тұрып қалды. Жігіттің ажалына себепкер болған Қасым өз сүйгенінің кегін алғанын ғана сезді. Адам өліміне себепші болған Қасымның қолына кісен салынып, темір торға тоғытылды. Жазатайым жағдайда адам өлтірген Қасым 15 жылға сотталып, жазасын қатаңдатылған колонияда өткізді.
Түрмеде жатып ашудан көзі қанталаған Қасым өзінің ағат ісіне өкініп, ішқұса болды. Түрмедегі тозақтың түр-түрін көрді. Осылай жүріп, ауыр дерт жабысып, өмірден өтті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.