Аптаның басында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ғалымдарымен кездесті. Кездесу барысында іргелі білім ордасымен арада меморандумға қол қойылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, жиында ЕҰУ әкімшілігі Ұлытау облысының түлектері үшін 28 білім беру гранты мен 6 атаулы стипендия бөлетінін атап өткен.
Профессорлармен болған кездесуде, сондай-ақ, «Ұлытау» керуені бизнес-жобасы да ұсынылды. Жобаның негізгі мақсаты – жаңадан құрылған облыстың орталығын заманауи түрде абаттандыру, архитектуралық келбетін жаңғырту. Осы мақсатта делегация құрамында келген Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков облыс орталығындағы көшелердің бірін ұлттық стильде қайта құруды және рәсімдеуді ұсынды.
Жиын соңында ЕҰУ ғалымдары келесі жылы Жезқазған қаласында математикадан үлкен республикалық олимпиада ұйымдастыруға уағдаласты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.