Адамзат өркениетінде еңбек – дамудың басты құралы саналып келеді. Еңбек арқылы табысқа жету, өркендеу адам баласы үшін ең бір абыройлы міндет. Қарапайым еңбегімен елдің, ұжымының алғысына кенеліп жүрген жандар өндірісте де аз емес. Олардың өз саласына және қоғамға қосқан үлесін салмақтай білу маңызды.
Металлургтердің төл мерекесі қарсаңында құю-механикалық зауытының шойын құю цехының үлгі құюшысы Қуанышбек Әлібеков жайында сыр шертпекпіз. Цехтағы озат еңбеккердің өз кәсібіне деген адалдығы, көпшіл мінезі ортасында абыройлы азамат екендігін аңғартып тұр. Цех басшысы Нұрмұханбет Әжіғұлов Қуанышбек Тұрсынмұратұлын жауапкершілігі мол маман ретінде жастарға үлгі боларлық азамат екендігін алға тартты.
Қуанышбек Әлібеков 20 жыл теміржол саласында еңбек еткен. Кейінгі бес жылдық еңбек жолы осы цехта өріліп жатыр. Еңбектегі ептілігі шығар, бес жыл ішінде үлгі құюдың хас шеберіне айналды. Қазір бригада жетекшісі.
– Біздің цех күрделі бөлшектердің үлгісін жасап, оны дайындайды. Мұнда өндірілетін бұйымдар – өндіріс ошақтарының тапсырыстары. Бригадамда сегіз адам бар. Әрқайсысы өздеріне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайды. Қуаныш Ыбырай, Бауыржан Бекбаев, Қиният Қазыбек сынды жігіттер бригаданың абыройын асырып жүр. Бұл кәсіптің қыр-сырын үйреткен Данияр Әлиакбаровтың шеберлігімені шыңдады. Қазір ол цехтың бас технологі. Өз білгенімді, түйгенімді жастарға үйретіп келемін. Нұрсұлтан Әбілдин деген шәкіртім үмітімді ақтап келеді, – дейді Қуанышбек Әлібеков.
Қуанышбек Тұрсынмұратұлы еңбек әулетінің өкілі. Оның ағасы Тұрғанбек 1990 жылдан бері Жезқазған мыс қорыту зауытында дәнекерлеуші болса, інісі Нұрлыбек құю-механикалық зауытының ұста-дәнекерлеу цехында ұста.
Бізбен әңгімесінде Қуанышбек Әлібеков: – Ердің атын еңбек шығарады. Сондықтан кәсіпке адалдық керек. Жастар адал еңбек етуден қашпай, қоғамға үлесін қосса деймін, – деген ақыл-кеңесін де жеткізіп жатты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.