Есірткі саудасымен айналысып, қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін ісі сотта қаралған Алдиярдың жасы 26-да. Үйленбеген. Бұрын сотталмаған. Жұмыс істемейді.
Сот отырысында жауап берген сотталушы Алдияр тағылған айып бойынша өзінің кінәсін толық мойындамай, бұлтарып бақты. Сотталушының түсінігін тыңдап және іс құжаттарын зерделей келіп, сот сотталушы Алдиярдың өз кінәсін толық мойындамағанына қарамастан іс бойынша жинақталған және сот тергеуі кезінде зерттелген айғақтар жиынтығымен оның кінәсі толық дәлелденді деп есептейді.
Сот отырысында жауап берген куә Н.Н. істің мән-жайы бойынша бірқатар жайттарды атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл оқиғаның нақты қай күні болғаны есінде жоқ. Ол пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандықтан құрылыс заттарының қалдықтарын шығару үшін сыртқа 10-15 рет шыққан болатын. Әр шыққан сайын төртінші сатының алдында сотталушының тұрғанын көрген. Ол ішке кіре алмай тұрғандай болып көрінген. Бұл маңайда тұратын көрші-қолаңның барлығын жақсы танушы еді. Ал сотталушы Алдиярдың бөтен адам екенін бірден аңғарған. Ұзақ уақыт бойы сол жерді айналшықтап жүріп алғандықтан үйінен кезекті рет шыққан кезінде одан неге тұрғанын, кімді іздеп жүргенін сұраған еді. Ол болса сасқалақтап, не деп жауап қайтарарын білмей, өзіне қатысты күдікті одан әрі үдете түскен. Сол уақытта олардың жанына тағы бірқатар көршілер жиналып қалып, сотталушыны сұрақтың астына алған кезде Алдияр оларға өзінде «Меф» деген психотроптық заттың бар екенін айтқан. Сол-ақ екен көршілер қоңырау шалып, полицияны шақыртқан. Балабақшадан қызын алуға өзі ол жерден кетіп қалады. Қайтып келгенде бірнеше полиция қызметкерлері үй ауласында жүргенін көрген. Біреулері сотталушы Алдиярдан түйінділерге оралған заттарды тәркілеп алып жатқанын байқап, оны ұялы телефонының бейнекамерасына түсіріп алады.
Куә И. А. сотта өзіне дейінгі куә көршілердің жауаптарына ұқсас түсінік беріп, сотталушыдан тәркіленген заттар изолентамен оралғаны жөнінде толықтырды. Сондай-ақ сотталушы көршілерге полиция қызметкерлері келгенге дейін өзіндегі заттарды көрсетпегенін жеткізді. Ол заттарды полиция қызметкерлері тек тінту жұмыстарын жүргізген кезде ғана көрген. Көршілер бір-бірімен тілдескенде сотталушы есірткі заттарын тығумен айналысатын адам ретінде ұстағандарын айтып жатты. Сондықтан өзі полицияға қоңырау шалған кезде дәл солай есірткі тығушыны ұстап алғандықтары жөнінде хабарлаған.
Жоғарыда көрсетілген куәлердің түсініктерінен бөлек Алдиярға тағылған айып бойынша кінәсі іс құжаттарымен толық дәлелденеді. Атап айтқанда, соның бірі – сотталушы ұсталған сәттегі жеке тінту хаттамасы. Бұл тергеу амалы барысында Алдиярдың әмиянынан екі мөлдір полимерлік қалташаға салынған 20 дана ұнтақ тектес түйнектер тәркіленген. Сонымен қатар сотталушыға тиесілі ұялы телефонын қарау барысында онда Алдиярдың басқа тұлғалармен психотроптық зат тектестерді өткізу жөнінде хат алмасуы анықталып, тиісті қарап-тексеру хаттамасы толтырылған. Оның кінәсін өзге де іс құжаттары сот отырысында жария етті. Сараптама қорытындысына сәйкес, Алдиярдың өзі нашақорлықпен зардап шекпейтіндігі мәлім болды. Сот аталған психотроптық заттар тектестерді ол нақты өзге тұлғалармен сөз байласу арқылы, яғни электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, өткізу ниетімен сақтаған деген тұжырым жасайды.
Сотталушы өзіне тиесілі ұялы телефонын қылмыстық құқық бұзушылық құралы ретінде пайдаланған және бұл байланыс құралы осы іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде танылған. Сондықтан аталған ұялы телефон мемлекет-ің кірісіне айналдыруға жатады.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.