Жезқазған өндірісінің де, халқының да тіршілік тынысы Кеңгір су қоймасының жағдайына тікелей тәуелді екені белгілі. Табиғат бірде – көл, бірде – шөл демекші, көктемгі тасқында су қоймасының арнасы толып, кемеріне келіп жатса жұртшылық қуанып, еңселері көтеріліп қалады. Бұл күндері көктем күшіне еніп тұр. Тіршілік көзінің биылғы жағдайы қалай?
Биыл көктемгі тасқын судың жүруі 16 наурыздан басталыпты. «Жылумен-сумен жабдықтау» АҚ кәсіпорнының мәліметі бойынша алғашқыда үш күндей күніне 1,2 млн. текше метр көлемінде келген қарғын су біртіндеп көбейе бастаған. Қаракеңгірден келетін су тасқынының қарқыны наурыздың соңғы күні мен сәуірдің басында біршама артып, бес-алты күндей қойма тәулігіне 4-6 млн. текше метр мұғдарындағы сумен толығып отырған екен. Қазір судың жүруі бәсеңдеп, тоқтауға айналыпты. Сәуірдің 11-і күнгі жағдай бойынша тасқын басталғаннан бері 68,2 млн. текшее метрдей су келген. Сонда бүгінде Кеңгір қоймасында барлығы 265,5 млн. текшее метрдей су қоры бар. Арнаның жалпы сыйымдылығының 319 млн. текше метр екенін еске алсақ, қойманың толуына 54 млн. тек шеметрдей су жетпей қалды. Былайша айтқанда, бұл – қанаттас қос қаланың бір жылда тұтынатын суының мөлшеріне пара пар.
Кеңгір қоймасынан бір жылда алынатын судың орташа шығыны 59,5 млн. текше метр көрінеді. Мұның ішінде 24,3 млн. өндіріс нысандарының қажетін өтесе, 20,1 млн. текшее метрі тұрғындардың ауызсуына жұмсалады. Оның сыртында қаланың жасыл желектері мен саяжайларға 8 млн. текшее метрдей тіршілік нәрі керек. Осының бәрін ескере келгенде, шөлейт аймақтағы өндірісті қаланың өзегіне нәр беріп отырған Кеңгірді аялап күтіп ұстаумен қатар, оның әр тамшы суын үнеммен, ұқыпты пайдалану қажет екенін айқын сезінуге болады. Байқап жүрсеңіздер, бізде судыңы сырабы көп. Жарылған құбырдан далаға ағып жатқан суды дереу тоқтатуға жанашырлық таныта бермейміз. Кәсіп ашушылар қатарында қаздай тізілген көлік жуатын орындар көбейіп барады. Олардың жұмыстарындағы су шығынының мөлшерін есеп кеалу мен бақылау жасау жеткілікті дәрежеде дей алмаймыз. Айта берсек, су ысырабының басқа да көздері аз емес.
Кеңгір арнасы суға толмағалы екі-үш жылдың жүзі болды. Жаhанды жайлаған құрғақшылық әсер ібізге де тән. Бұл – жерасты суын игеру көлемін арттыру мәселесін алға қояды. Сондықтан, тіршілік нәрі саналатын суды орынсыз төгіп-шашпай, үнеммен жұмсауға әркім жеткілікті мән берсе дейміз.
Амандық РАХҰЛЫ.