Жазушы, журналист Апбаз Қаражігітовтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Ол 1923 жылдың наурыз айында Ұлытау ауданының Сарысу ауылында дүниеге келген еді. Ауылда колхозшы, колхоз есепшісі болып еңбек етіп, 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Бұдан кейін мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Апбаз Баймендіұлы 1970 жылдан бастап баспасөз саласында істеп, қаламгерлік қабілетімен кеңінен танылды. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, Жезқазған облыстық «Жезқазған туында» бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1990-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Жезқазған бөлімшесінің жауапты хатшысы болды. Баспадан 1976 жылы шыққан алғашқы көркем туындысы «Ақмоншақтан» бастап, әр жылдары «Шақпақ», «Әке дауысы», «Майқоңыр», «Қайран шеше», «Абыздар биігі» және «Жанайқай» атты кітаптары жарық көрді. Драматургия сласында да елеулі еңбек етіп, 2017 жылы өмірден өткенде артында өшпейтін мол рухани мұрасын қалдырды. А. Қаражігітов ҚР Мәдениет қайраткері, Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметі азаматы атанған.
Апбаз Қаражігітовтің есімі маған ертеден таныс еді. Республикалық, облыстық баспасөз беттерінен жазған өлеңдері мен балладаларын, мақалаларын оқып жүретінім есімде. Ал, кездесіп, жүзбе-жүз танысумыз одан беріректе, Апекеңнің журналистік жолда жүрген кездерінде болды. Ұмытпасам, 1979 жылдары болу керек, аудандық «Ақадыр таңы» газетінде істеп жүрген кезім. «Ақадыр ауданына облыстық «Жезқазған туы» газетінен журналист Апбаз Қаражігітов келіпті, аудандық мал өнімдерін дайындайтын мекеменің былықтарын тексеріп, жазбақ көрінеді», – деген хабардың құлағымызға тигені сол еді. Көп кешікпей-ақ айтқан адамымыз аудандық газет редакциясына өзі де жетіп келді. Негізінде, ол уақытта жоғары жақтан келген журналистердің жергілікті басылым редакциясына соғып, әріптестерімен бір әңгіме-дүкен құрып кетуі қалыптасқан қағида сияқты болатын. Апекең ағамыз да осы дәстүрді бұзбаған болуы керек. Редакторымыз Марал Хасенов әуелде «Жезқазған туында» жауапты хатшының орынбасары болып, бірге қызмет істегендіктен Апекеңді жақсы біледі екен, екеуі еркін әңгімелеседі. Редакторға кіріп шыққан соң ағамыз бізбен таныса бастады. Дене бітімі қағылез, шалт қимылдайтын ширақ адам көрінді. Сөйлескен адамын жатырқамай, іштартып тұратын әдетінің әсері болар, алғашқы күннен-ақ ескі таныстарша жақын шүйіркелесіп кеттік. Ара-тұра салалы саусақтарымен мұртын уыстай сипап қойып, аңқылдай күліп ақтарыла сөйлейді. Қалтасындағы «Жезқазған туының» құжатымен қатар «Ара» – «Шмель» деген қызыл куәлігін көрсетіп, «бұл жемқорлар туралы фельетон жазуым керек» деп республикалық сатиралық журналдың да айбарын аңғартып, жігіттерге барлай көз тастап қояды. Сөйтіп, тері-терсек, жүн жинаумен айналысатын кеңсенің былығын ашпаққа келген ағамыз бір-екі күндей жүргенде бізге жиі соғып тұрды. Қайтар кезде олжасыз емес сияқты. Сол кезеңдегі ең ірі ақша жиырма бес сомдық болатын. Қалтасынан сол сиякөк түсті ақшаның бір-екеуін шығарып 4-5 жігіт бас қосып, бірер күн жырғап қалғанымыз бар. Бірақ, одан кейін фельетон төңірегіндегі әңгіме қозғала қойған жоқ.
Ақадырға Апекең кейіннен де келіп жүрді. Көбінесе кемшілікке шүйлігіп, сын мақала жазып кететін әдеті бар-тын. Сол уақытта «Босаға» совхозының директорын сын садағымен түйреген «Клуб қайда Сұлтанов?», К. Мыңбаев атындағы ауылшаруашылығы тәжірибе станциясы орналасқан Қызылтау ауылы туралы «Сөз жайлаған, дау қайнаған жерде» деген сын мақаларына қатысты жайлар аупарткомда көтеріліп, тиісті басшылардың сөгіс арқалағаны бар. Осыдан соң «Қаражігітов келіпті» десе кеңшар басшылары сақтықпен қарсы алып, абайлап сөйлесетін болған.
Бір келгенінде Апекең «Ортау» кеңшарындағы парткомның есеп-беру сайлау жиналысына қатысуы керек екен. «Мына балаң маған серік болып, бірге барып қайтсын», – деп редактордан қолқалап мені сұрап алды. Ол уақытта редактордың орынбасары болып істейтін кезім. Әрі партия тұрмысына қатысты материалдарға жауапты болатынмын. Марал бастығым бір жағы өзің де жазатын дүниеңді жинақтай келесің ғой деп барғанымды жөн көрген соң, Апекеңмен сапарлас болуға тура келді. Біз баратын кеңшардың директоры Егінбай Қазымов деген азамат Жаңаарқаның Қараағашының тумасы еді. Ол уақытта руға мән бермейтін кезіміз ғой. Бірақ, Апекең біледі екен. Түп-тамыры найманнан тарайтын Егінбайды «інім ғой, соның үйіне барамыз» деп болмай, партия жиналысының алдында маңдайымызды директордың шаңырағына бір-ақ тіредік. Бұл отбасымен бұрыннан да таныстығы болуы керек, ағамызды жылы пейілмен қарсы алды. Жалпы, ел ішіне шыққан кезде журналист қауымының көбі тас қаланың қамауынан шыққандай, бір еркінсіп сала беретін әдеті болады. Сол дағдымен Апекең екеуміз директордың зайыбы жайған мол дастарқан басында нағашы жұртқа келгендей ұзағырақ отырып қалыппыз. Клубқа келсек, партия жиналысы басталып жатыр. Ағамыз қойын кітапшасын маған ұсынып: «сөйлеген адамдарды сен жақсы танисың ғой, сөздерін түртіп ала бер» деп маған хатшылық міндетті жүктеп қойды. Әйтеуір, біразға созылған жиналыс партком хатшысын сайлаумен аяқталды-ау.
Сол кездері сайланған хатшы шаруашылық директорын, ауданнан келген басшыларды қосып үйінен дәм беретін бір үрдіс болатын. Осы құрметтің ішіне бізді де қосып, Батай Түсіпов деген партком хатшысының үйіне келдік. Жиналысқа қатысқан аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы әйел адам еді. Хатшыдан қаймығып отырған мен сияқты емес, дастарқан басында Апекең еркін. «Балдызым» деп аупартком хатшысымен әзілдесіп қояды. Әзіл-қалжыңмен отырған бір орайлы сәтте ағамыз шөп еткізіп «балдызының» бетінен сүйіп алғаны. Хатшының аты хатшы ғой, аздап қызарақтап қалғанымен, әйтеуір тыныш тарқастық. Бізбен бірге дастарқанда майдангер, ауыл ақсақалдарының бірі болған-тын. Кейін тағы бір сапарлас болғанда Апекең: «байқаулы болайық, осы менің тұзым жеңіл» деп күледі. Сөйтсек, «Ортау» сапарынан барғанында «газеттен келген Қаражігітов деген тілші қызып алып, үшінші хатшының бетінен сүйді» деген сыңайда обкомға домалақ арыз түсіпті. «Әй, сол ардагер ақсақалдан болды-ау деймін, менің әзілдескенімді жақтырмай отыр еді» дейді Апекең өткенді еске алып. Ағамыздың әр келгенінде осындай кездейсоқ жағдай мен қызықты жайттар кездесіп тұратын.
Мен аудандық газеттен 1985 жылы облыстық «Жезқазған туына» ауысып келгенімде Апекең зейнетке шығып, Жезқазғанның қуыршақ театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүр екен. Ол жерде шығармашылық жұмыспен айналысуға кеңінен мүмкіндік туғанын айтып, жазып жүрген дүниелерінен облыстық басылымға біраз үзінділер де беріп жүрді. Өңірдегі Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің алғашқысы да Апбаз Қаражігітов болатын. Сол уақытта республикадан келген ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері де ең әуелі Апекеңді іздейтін. Бұл кісі болса, маңдайы жарқырап, сондай құрметті қонақтардың жолбасшысы болып, әңгімелері жарасып бірге жүргенін талай рет көрген едік. Біраз жыл Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін басқарғанда Жезқазғандағы әдеби бірлестіктің жұмысын жандандырып, шығармашылықпен айналысатын қауымның ізденістеріне қозғау салып жүрді. Әдеби ортаны қалыптастырды. Өзінің де кейінгі сүйекті шығармалары сол кезеңдерде жазылды. Бір естен кетпейтін жайт, Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгердің «сенсациялық жаңалықтың» жетегімен бір топ адаммен бірге Магаданға барған сапары. Қарағандыда тұрған Мудров деген қария қызыл өкіметтің қырғыны кезінде Магаданда айдауда болыпты. Сондағы лагерьде Сәкенмен бірге болғанын, қыс ішінде қайтыс болғанда айтулы ақынды өз қолымен жерлегенін үнемі айтып жүреді екен. «Егер сонда баратын болсам, Сәкенді жерлеген жерді тауып көрсетуге сенімдімін», – депті. Апекең осы ақиқаттың түбіне жетуді мақсат тұтып, 71 жасында сонау қиырдағы Магаданға сапар шеккені бар. Алайда, Мудров айтқан деректің ақиқаты ашылмай қалды. Ол оқиғадан бері арада жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен, әрі мәңгі тоң басқан өлкеде жерленгендердің орнын тап басып табу оңай шаруа емес еді. Сапар барысында қазған жерлерінен басқа адамның сүйегі шығып, көңілдегі үміт оты сөнбей «тағы бір келерміз» деп оралған болатын. Ресми дерек бойынша «Сәкен Алматының түбінде атылған» деп қаншалықты айтылғанмен, «айтулы азаматтың мүрдесі Мурманскіде емес пе екен» деген ойдан Апекең өмірінің соңына дейін арыла алмай өткені анық.
Қаламын қару еткен Қаражігітов осыдан алты жыл бұрын 94 жасында өмірден өтті. Соған дейін абыз ақсақалмен аралас-құраластығымыз, әңгіме-дүкен құруымыз үзілген емес. Ара-тұра кездесе қалғанда әзіл-қалжыңы да дайын тұратын. Ол кісінің бір қасиеті жаспен де, кәрімен де емен-жарқын сөйлесіп, әзілі жарасып жүретін. Елден ерекшеленген жоқ. Қарапайым тірлік кешкен, көпшіл адам болды. Қалай десек те, Апекең ағамыз аңқылдаған ақпейіл қалпында есімізде мәңгі қалары анық.
Амандық РАХҰЛЫ.
Суретте: Апекеңмен соңғы бір кездескен сәт (2016 ж.)