Ұлытау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның биылғы алғашқы отырысы өтті.
Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен жиынға облыстық комиссия мүшелері, қоғам өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырыс барысында жиналғандарға өткен жылы комиссия аясында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды. Мәселен, есепті кезеңде облыста бірқатар әлеуметтік жоба іске асырылды. Соның бірі – Жезқазған қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету. Нәтижесінде 100-ден астам әйел консультативтік, психологиялық, оңалту және құқықтық көмек алды. Сондай-ақ, комиссия мүшелері алдағы жұмыс жоспарын талқылады. Қойылған мақсаттарға сәйкес Комиссияның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарының арнайы жобасы әзірленді, онда бірқатар іс-шара көзделген: салалық басқармалардың өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау орталықтарының жұмысы туралы, ана мен бала өлімінің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар.
Комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен ұсынымдарынан кейін іс-шаралар жоспары толықтырылды. Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі және «Ұлытау облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ төрағасы Айман Исина кеңеске қатысушыларға өңірлік комиссияның қызметімен танысу нәтижелері туралы баяндады. Кеңесте Ұлытау облысында барлығы 116 мыңға жуық әйел тұратыны атап өтілді, бұл халықтың жалпы санының 51,3 % құрайды. Олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, билік құрылымдарындағы әйелдер санын көбейту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің барлық түрлерін жою біздің жұмысымызда да басымдыққа ие, – деп қорытындылады Ұлытау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелері.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.